Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр Жолдауында алға қойған басты міндеттердің қатарында тұрғын үй құрылысын жандандырып, тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін де айрықша атап өтіледі.
«Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы он жылда бір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек», - деп міндет қойған Елбасы осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды қолданып, ғимараттардың жобасын жаңа тәсілдер бойынша жасау қажеттігін алға тартқан болатын. Биыл Жезқазған қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында көп қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы қолға алынып, қазірде құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде.
Кейінгі жылдарда Жезқазғанда тұрғын үй құрылысы тұралап қалған шаруалардың біріне айналған-тын. Мемлекеттік бағдарламаның қолға алынуы осы күрмеуі көп салаға серпіліс жасады. Бес қабатты 30 пәтерлік үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына несиеге берілсе, 36 пәтерлік төрт қабатты үй әкімдіктегі үй кезегінде тұрғандарға жалдамалы баспана ретінде бөлінеді.
Бүгінде құрылыста 25 адам еңбек етеді. Олардың арасындағы тас қалаушылар, бетон құятын монолитшілер өз кәсіптерінің төселген мамандары. Үйдің қабырғалары тұрғызылған соң электр монтаждау мен сантех монтаж жұмыстары жүргізіледі, сылақшыларымыз да жұмысқа кіріседі. Құрылыс нысанының мердігері «Құрылыс Молдашев» жеке кәсіпкерлігі барлық жұмыстарды үстіміздегі жылдың желтоқсан айында аяқтап, үйді пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бес қабатты болып салынатын бұл үйдің сметалық құны 300 млн. теңге тұрады. Тұрғын үйдің негізгі жобасын Астанадағы «Альпинстрой» ЖШС жасаған көрінеді. Бөлмелері қазіргі өскелең талапқа сай жобаланған, кең әрі ыңғайлы пәтерлер қолы жеткендердің көңілінен шығуға тиіс. Жаңа үйдің он пәтері 2 бөлмелі болса, жиырма пәтері 3 бөлмелі болады. Екі бөлмеліктер 45 шаршы метрді құрайды, үш бөлмелі пәтердің аумағы 60 шаршы метр. Қабырғасын қалаған сапалы қызыл кірпіштер Алматыдан әкелінген, ал, плита мен блок материалдары өзіміздің Жезқазған темір-бетон зауытының өнімдері. Құрылысшылар белгіленген кестеден ауытқымай, нысанды жыл аяғына дейін пайдалануға берудің барлық мүмкіндіктерін қарастыра отырып жұмыс жасауда.
Жалпы жаңадан бой көтеретін қазіргі үйлердің әр шаршы метрі 140 мың теңгеден айналатын болса, Жезқазғанда ол 100 мың теңгеден аспайтын болады. Бұл қадам да баспаналы болуды мақсат еткен тұрғындар үшін үлкен көмек. Және жезқазғандықтар «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» алға қойылған әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бағдарламасынан зор үміт күтеді.
Сондай-ақ, Жезқазғанда тұрғын үйдің құрылысы алдағы жылы да қарқын ала түссе деп тілейді.