06.11.2018, 12:42

Жезқазғандық кәсіпкерлер жалақыны көтеруге дайын

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов жергілікті ірі кәсіпорындардың басшылары мен шағын және орта бизнес өкілдерн дөңгелек үстелдің басына жинады. Кездесудің басты мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының басты бағыттарын талқылау еді. Оның ішінде қызметкерлердің ең төменгі жалақыларын арттыру мәселесіне баса назар аударылды.

– Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған бүгінгі Жолдаудың мазмұны елге, халыққа деген шынайы қамқорлықтың айнымас дәлелі. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, төменгі еңбекақыны бір жарым есе ұлғайту көзделуде. Сол арқылы барлық салада, барлық меншік түріндегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,3 миллион адамның жалақысы ұлғаятын болады. Мұндағы мақсат – адамдардың қолайлы өмір сүруіне тікелей жағдай жасау, - деп сөзін сабақтаған қала басшысы жезқазғандық кәсіпкерлерді Жолдауға қолдау танытып, еңбеккерлердің жалақысын өтеру мәселесін қарастыруға шақырды.

Бір қуантқаны біздегі кәсіпкерлік иелері Жолдау жүктеген міндеттерді өміршең етуге кірісіп-ақ кетіпті.

Сөз алған темір-бетон зауытының директоры Мұхтар Үңгітбаев:

– Қазіргі таңда әлемдік экономиканың ең басты қозғаушы күші бизнес екені даусыз. 5 қазанда жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауда мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын одан әрі 2025 жылға дейін ұзарту арқылы бизнесті қолдауды тапсырды. Бұл отандық шағын және орта бизнестің өркендеуіне берілген тағы бір мол мүмкіндік, - деді.

Сондай-ақ, бүгінде орташа айлығы 104 мың теңгені құрайтын темір-бетон зауыты жұмыскерлерінің еңбекақысы 2019 жылдан бастап 15 пайызға өсетінін мәлімдеді. Ал, «Ютария LTD» өндірістік-инновациялық компаниясының қаржылық директоры Владимир Иващенко қызметкерлердің еңбекақысы көтерілгенін тілге тиек етті. Атап айтқанда, «ютариялық» құрылысшылардың жалақысы 15 пайызға, тігін цехындағы жұмыскерлердікі санатына қарай 10-20 пайызға ұлғайған. Осылайша, 240 қызметкердің айлығы 77 мыңнан 87 мыңға дейін артқан. Ең төменгі айлыға бар қызметкерлердің жылдық еңбекақы қоры 22 млн теңгеден 256 млн теңгеге дейін өскен.

Сонымен қатар, Владимир Иващенко мемлекет тарапынан қолдау тауып, қанатын кеңге жайған «Ютария LTD» өндірістік-инновациялық компаниясы Жолдауға қаузалған міндеттерді жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді.

– Біздің компания тек өз қызметкерлерінің ғана емес жалпы алғанда аймақ тұрғындарына да қолдау көрсетуге әзір. Мысалы, биыл есенберлин көшесіндегі жатақхананы қайта жөндеуден өткізіп,

жезқазғандық балалар үшін даму орталығын аштық. Мұнда балаларды компьютерлік бағдарламауға баулитын тегін ІТ-сыныптар жұмыс істеп тұр, деген ол алдағы уақыттың еншісіндегі жоспарлармен де бөлісті. Желтоқсан айында жұмысын бастайтын «Ұлы дала» супермаркеті 120 жаңа жұмыс орнын ашып, ондағы қызметкерлердің ең төменгі айлығы 60 мыңнан кем болмайтынын алға тартқан Владимир Иващенко барша кәсіпкерлерді Елбасының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру бастамасына үн қосуға шақырды. Оның сөзін кәсіпкерлер палатасының директоры Жүрсінбай Лекеров те қостады.

Жиынды қорытындылаған Қайрат Баяндыұлы жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі өзге кәсіпорындарда да жалғасын тапса деген тілегін білдірді.