25.11.2018, 12:34

Баспаналы болудың ең тиімді тәсілдерін білесіз бе?

Алматыға алғаш көшіп келген уақыт әлі есте, 2012 жыл болатын. Мақсатым айқын, бойымда жұмысқа деген құлшыныс бар. Бірақ, өзге жастардағы секілді басымда баспанам жоқ. Тек, «түбінде үйлі болам» деген мақсат қана алға жетелейтін.

Пәтер жалдап, біраз уақыт жұмыс істеген соң бұл мақсатым арманға айнала бастады. Өйткені, бір ғана жалақымен күн көру тек Алматы емес, Қазақстанның қай қаласында болсын – қиынның қиыны. Ал, мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алу тіпті түсімізге де кірмейтін. Несін жасырайын, ол кезде миымызда «мемлекеттен үйді тек танысы барлар ғана алады» деген түсінік те қалыптасып қалған еді. Қазір ғой, сол мембағдарламалардың қызығын көріп отырғанымыз...

Иә, «Нұрлы жер» мен «Нұрлы жол» басында баспанасы жоқ талай қазақ жастарын жарылқап үлгерді. Өзіміз де аталған бағдарлама аясында Алматыдан көптен күткен пәтерімізді алып, төбеміз көкке жетуге шақ қалды. Жетпегенде ше, қарапайым қазақ үшін мегаполистен үй алу орындалмас армандардың бірі еді ғой...

Жалпы, Қазақстанда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының іске қосылуымен баспана нарығында бір дүмпудің басталғанын мойындау керек. Рас, аталған жоба толық жетілмеген болатын. Десе де, оның аясында мыңдаған шаршы метр пәтер тұрғызылды. Бағдарлама «Нұрлы жолмен», кейін «Нұрлы жермен» жалғасып, қазір «7-20-25» деген жаңа форматқа ие болып отыр. Айтпағым, небәрі соңғы 3-4 жылда қазақстандықтардың баспана проблемасы айтарлықтай шешіліп қалды.

«Алматы жастары»

Бұл ретте Алматы әкімдігінің ерекше бастамасын да атап өту қажет. Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалардан бөлек шаһар басшылары «Алматы жастары» деп аталатын жобаны екі жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бұл басында баспанасы жоқ, алайда, мемлекеттің дамуына үлес қосып жүрген жастар үшін оңтайлы бағдарламаға айналып үлгерді. Бүгінгі күнге дейін жүздеген жас отбасы қоныс тойын тойлап, еш кедергісіз жұмыстарын істеп жүр.

«Алматы жастарының» оңтайлы болатын себебі, талаптары аса күрделі емес. Ең басты талап – ерлі-зайыптылардың жасы 35-тен аспау керек. Сондай-ақ, олар Алматыда кемі 1 жыл тіркеуде болуы шарт. Бұл екі талапқа сәйкес келсеңіз банктен депозит ашып, оған баспана алуға алғашқы жарнаңызды жинай бастайсыз. Мұнан кейін сізге 3,5-5% аралығында ең төмен мөлшерлемемен заем беріледі.

Бұл – басты үш талап. Үй алуға тапсырыс берушілердің саны көп болғандықтан үміткерлер арасында әрбір пәтерге байқау жарияланатыны белгілі. Яғни, әрбір отбасы түрлі критерилерге сәйкес ұпай жинайды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметте жұмыс істегені үшін, отбасындағы әрбір бала үшін, қаладағы тіркеуіңіз үшін және өзге де шарттарға сәйкес әр отбасыға ұпайлар жазылады. Тиісінше, ең жоғары балл жинаған үміткерге жыл соңында пәтер беріледі.

«Нұрлы жер»

«Нұрлы жер» бағдарламасына банк салымшылары мен жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған тұлғалар қатысады. Олар үшін әкімдіктер бағасы төмен тұрғын үй салып береді. Мұндай үйлердің бағасы белгіленген және өзгермейді. Мысалы, Астана, Алматы және аталған қалалардың маңындағы аймақтар, сондай-ақ Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында шаршы метрі 180 мың теңгеден басталса, басқа өңірлерде шаршы метрі 140 мың теңгенің жобасы. Банк «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй сатып алу үшін несие ұсынады. Үй бағасының 20%-на тең бастапқы жарнасы бар азамат жылдық мөлшерлемесі 5% болатын заем ала алады.

«Өз үйім»

Қазақстанның баспана нарығында серпіліс болғанын жоғарыда айттық емес пе?! Бұл сөзімізге дәлел келтірейін, жыл басынан бері елімізде 7 мың адамға мемлекеттік бағдарламалар аясында заем беріліпті. Бұдан бөлек, «Өз үйім» бағдарламасы аясында да пәтер сатып алып жатқандар тағы бар. Аталған жоба аясында қазақстандықтар 7 пайыздық мөлшерлемемен ипотека ала алады. Тек алғашқы жарна ретінде пәтер бағасының 20 пайызын төлеуі тиіс. Бағдарлама клиенттің атында үйдің бар-жоғына, тіркеуде тұруына қатысты ешқандай талап қоймайды.

7-20-25

Аталған бағдарлама аты айтып тұрғандай 7 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға дейін беріледі. Алғашқы жарна ретінде пәтер бағасының 20 пайызын төлеуіңіз тиіс.

Жаңа ипотекалық бағдарламаға Қазақстанның кез-келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе бизнесі бар адам қатыса алады. Бірақ, атына тіркелген баспанасы болмауы шарт. Және де несие тарихы барынша «таза» болу керек. Ал, балаларының немесе әйелінің атындағы баспана ипотека алуға кедергі келтірмейді.

Мәселен, азамат Алматы қаласынан максималды 25 жылға 20 миллион теңгенің пәтерін алды делік. Бұл үйдің алғашқы 20 пайыз жарнасы — 5 млн теңге, ал ай сайынғы төлем 140 мың теңгеден сәл асады. Ақтөбені мысалға алайық. Бұл қалада 15 млн теңгеге екі бөлмелі пәтер аламын деген адам 3 млн теңге алғашқы жарна салып, ай сайын 85 мың теңге төлейді.

Бұрындары баспанаға қатысты бір ғана мемлекеттік бағдарлама болса, қазір олардың саны бірнешеу. Яғни, тұрғындардың үйлі болу мүмкіндігі еселеп артты. Оның үстіне, қазақстандықтар депозитте ақша жинап үйрене бастады. Мұны экономист-мамандар да айтып отыр. Дегенмен, ипотеканы таңдауда қателеспеу керек дейді олар. Бастысы депозитті уақытылы толықтырып отыру қажет. Ақша жиналған соң банктердің талаптарымен танысып, ең тиімді шарттар бойынша несие рәсімдеген жөн.

«Ақша жинаудың ең оңай жолы – сіздің бюджетті жоспарлау және ай сайынғы табыстың 10-15%-ын бөліп қойыңыз. Бұл ресми немесе бейресми пайда бола ма, айырмашылығы жоқ. Ең бастысы – тұрақтылық пен жүйе. Дәл осылай үш жыл үзбей ақша жинасаңыз сіз пәтердің алғашқы жарнасына қажетті соманы шығарасыз. Мұнан кейін тиімді шарттармен ипотека рәсімдесеңіз болады», - дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Осы ретте айта кету керек, Алматы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Алматы жастары» бағдарламасын Мемлекет басшысының өзі ерекше атап, өзге өңірлерге үлгі болсын деген еді. Демек, енді Қазақстанның өзге де облыстарында жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламалары пайда болады.

Дәулет Естанов