07.09.2015, 10:24

Астық экспорты азаймайды

taran.gov.kz

Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар өндіріс нысандарында болды. Сонымен қатар сапар барысында Мемлекет басшысы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдерімен кеңес өткізді.

Кеңесте инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы С.Мыңбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндама жасады. Шара барысында Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнеркәсіптік өнімдердің жартысы елдің батыс өңіріндегі төрт облыста өндірілетінін атап өтті.

«Бұл облыстардың дамуының бүкіл экономикамыз үшін маңызы зор. Жер аумағының үлкендігіне байланысты елдің әр өңірінің өзіндік ерекшелігі бар. Батыс мұнай өндіруге және өңдеуге маманданған. Соған байланысты біз нақ осы саланың дамуына мол инвестиция салып жатырмыз», - деді Қазақстан Президенті.

Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде инфрақұрылымдық құрылыс ауқымын кеңейту қажеттігіне тоқталды. «Жаңа экономикалық ахуал біздің индустриялық бағдарымыздың дұрыстығын тағы көрсетті. Сол себепті мен бүгін кабель өндіретін және мұнай саласына арналған ауыр жабдықтар шығаратын екі зауытты барып көрдім, бұлар - маңызды әрі қажетті нысандар», - деді Мемлекет басшысы.

Мұнымен қоса, Қазақстан Президенті әкімдердің назарын мұнай-газ саласының айналасында шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігіне аударды,  сондай-ақ индустрияландыру және инфрақұрылымдар құрылысы жөніндегі жоспарларды жаңа экономикалық жағдайды ескере отырып қайта қарауды тапсырды. «Дағдарыс кезінде тұрақты жұмыс орындарының саны қысқарады, бұл бүкіл әлемге тән өзекті мәселе. «Нұрлы жол» бағдарламасын әр өңірде ірі өндірістен қысқарып қалғандар үшін жұмыс орындарын ашуға бейімдеу керек деп ойлаймын. Біз мұндай тәжірибені 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде қолданғанбыз», - деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек Елбасы жаңа кен орындарын барлауға ең ірі халықаралық компанияларды тарту керек екенін қадап айтты. Мемлекет басшысы маңызды бағыт ретінде кен орындарын барлау ісін жандандыруды атады. «Тіпті Теңіз бен Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарының өзі 10-15 жылдан соң кен өндірудің ең шырқау шегіне жетеді. Егер осы уақыт аралығында жаңа кен орындарына барлау жасамасақ, оның салдары ауыр болады. Барлауға ең ірі халықаралық компанияларды тарту керек. Каспий маңы ойпатында барланбаған орасан мол кен қорлары барын біз білеміз», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мұнай мен газды тереңдете өңдеудің мөлшерін арттыру қажеттігіне де тоқталды. «Біз өндірілген ресурстардың барынша жоғары қосымша құнын қамтамасыз етуге тиіспіз. Сондықтан да мұнай химиясына көп көңіл бөліп отырмыз. Атырау облысында күрделі полимерлер өндіретін мұнай өңдеу зауытын қайта құру жұмысы жүріп жатыр. Мұндай кәсіпорындардың құны 5-6 миллиард доллар болады. Қазір Қазақстанның ауқымды мұнай химиясын дамытуға негіз қалануда. Сондықтан «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» еркін экономикалық аймағының құрылысына елеулі қаражат бөлініп жатыр. Оны тиімді игеру Үкімет пен Атырау облысы басшылығының міндеті болып саналады», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мұнайды өңдеу тереңдігі Қазақстанда - 68%, Ресейде - 72%, Еуроодақта - 85%, АҚШ-та 95% екенін айтты. Мемлекет басшысы осы ретте бұл үдеріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап көрсетті.

Келер жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 77 млн. тоннаны құрайды

Осы аптада Мәжілісте «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов болжамға сәйкес, 2016 жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 77 млн. тоннаны құрайтынын, аталған көрсеткіш бұған дейін болжанған деңгейден 3,8 млн. тоннаға аз екенін мәлім етті.

«Сонымен қатар, 2020 жылға қарай еліміздегі мұнай өндіру көлемі 92 млн. тоннаға дейін жетеді. Бұл бұрын болжанған деректерге қарағанда 12 млн. тоннаға төмен», - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, 2016-2020 жылдар аралығында Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсімі 2,8 пайызға тең болмақ. Ал саудада көрсетілетін қызметтер өсімінің қарқыны орташа есеппен 4,5 пайызды құрайды. Көлік, ақпарат және байланыс қызметтерінің өсуі ағымдағы жылдың деңгейінде сақталады.

«Тауарлар экспорты құндық мәнінде 2016 жылы бағалау бойынша алдыңғы кезеңге қарағанда 14,8 пайызға төмендеп, кейін мұнай экспортының нақты көлемінің болжанып отырған ұлғаюының нәтижесінде 2017-2020 жылдар аралығында 4,4 пайыздан 7 пайызға дейін өсетіні күтіледі», - деді М. Құсайынов.

Бұдан бөлек ол жылдық инфляция деңгейі 2016-2017 жылдары 6-8 пайыз дәлізінде күтілетінін, сондай-ақ, инфляция 2018 жылы - 5-7 пайыз, 2019 жылы - 4-6 пайыз, 2020 жылға қарай 3-4 пайызға төмендейтіні болжанып отырғандығын жеткізді.

«Ұлттық банктің теңгенің құбылмалы еркін айырбас бағамы режиміне өтуін ескере отырып, Ұлттық қордан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн. 200 млрд. теңге сомасында айқындалды. Бұл ретте Ұлттық қордан 2016 жылға арналған нысаналы трансферт республикалық бюджеттің кіріс бөлігінде 461,5 млрд. теңге, 2017 жылы 750 млрд. теңге сомасында ескеріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Республикалық бюджеттің тапшылығы 2016 жылы ЖІӨ-ге 1,6 пайызды немесе 723,4 млрд. теңге, 2017 жылы - 600, 8 млрд. теңге, ал 2018 жылы - 552,3 млрд. теңге деңгейінде жоспарланды», - дейді вице-министр.

Өз кезегінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов  «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға Ұлттық қордан нысаналы трансферт ретінде 2016 жылы - 461,5 млрд теңге, 2017 жылы - 750 млрд теңге қарастырылатынын айтты.

«Бұл ретте Үкімет «Нұрлы жол» бойынша қажеттілік туындаған жағдайда бағдарлама бағыттарын түзету үшін жедел шаралар қабылдауға 2016 жылға - 127,6 млрд теңге, 2017 жылға - 750 млрд теңге шығыстарды шоғырландырмақ. Бұл арнайы резерв түріндегі жаңа құрал болып табылады», - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, республикалық бюджет шығыстары 2016 жылы ағымдағы деңгейге қарағанда 74 млрд теңгеге өседі және 7 трлн 319 млрд көлемінде жоспарланған. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 5,6 пайызға өсіп, 7 трлн. 731 млрд теңгені, 2018 жылы 3,5 пайызға немесе 274 мрд теңгеге төмендеп, 7 трлн 757 млрд теңге шамасында жоспарланады. «Жалпы бюджетті жоспарлау қатаң шектеулер жағдайында және Елбасының ағымдағы жылғы 19-20 тамызда өткен экономикалық саясаттың жүйелі шараларына арналған отырыста берген тапсырмаларын ескере отырып әзірленген. Бұл ретте Үкіметке берілген тапсырмалардың бірі 2018 жылдың аяғына дейін штаттық санды ұлғайтуға, сондай-ақ билік деңгейінде атқарылатындарды қоспағанда жаңа бастамаларға мораторий белгілеу болып табылады», - деді Қаржы министрі.

Бұдан бөлек, Қаржы министрі келер жылғы бюджет шығыстарының 58,7 пайызы немесе 4,3 трлн. теңгесі әлеуметтік салаға бағдарланып отырғанын атап өтті. Әлемдік күрделі экономикалық ахуалға қарамастан бюджет шығыстарының әлеуметтік бөлігі барынша қорғалған әрі күшейтілген.

Мәселен, «Балапан» бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға үш жылда 272 млрд теңге қарастырылады. Соның ішінде 2016 жылы Ұлттық қордан балабақша салуға арналған 6,7 млрд теңге нысаналы трансферттерді қоса алғанда 94,7 млрд теңге қамтылады. Нәтижесінде алдағы үш жылға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балалар үшін 377 мың орын қамтамасыз етіледі. Апаттық және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу үшін 2015 жылы басталған барлық нысандар құрылысын аяқтауға 21 млрд теңге бөлінеді.

«Денсаулық сақтауға арналған шығыстар алдымыздағы үш жылда 2 трлн. 136 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2016 жылға 679 млрд теңге көзделеді. Ал халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауылда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Жұмыспен қамту» жол картасы жалғасады. Бұл мақсаттарға 2016-2018 жылдарға 114 млрд теңге бағытталады. Шамамен 36 мың жұмыс орнын ашуға, оқыту арқылы жұмысқа орналастыруға және 27 мың адамды қоныстандыруға 38 млрд теңге қарастырылады», - деді Бақыт Сұлтанов.

Авиатасымалдау тарифін реттеу Азаматтық авиация комитетіне беріледі

Өтіп бара жатқан бұл аптада Мәжілісте Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев  2017 жылы авиатасымалдау тарифін реттеу Азаматтық авиация комитетіне берілетінін мәлім етті.

Еске салайық, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Аталған құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруды көздейді. Заң жобасы бойынша әуе кеңістігін пайдалану саласында мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау тетігін жасау көзделеді. Соның ішінде халықаралық әуежайларға бірыңғай талаптар енгізіледі, бұл авиациялық тасымалдау барысында жүктерді өткізу уақытын 10 күннен 4 сағатқа дейін азайтады.

«Бұдан бөлек, Ұлт жоспарының 68-қадамына сәйкес, 2017 жылы авиатасымалдау тарифтерін реттеу уәкілетті органға - Азаматтық авиация комитетіне берілетін болады. Авиация саласының мемлекеттік реттеу мәселесі де жетілдіріледі. Бұл ретте Ұлыбританияның авиациялық қызмет үлгісі пайдаланылмақшы. Ондай озық үлгі ұшулардың сапасын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұшқыштар даярлау бойынша аса маңызды бағыт болып табылады», - деді Әсет Исекешев.

Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан осы мақсаттарды еңсеру үшін Британия азаматтық авиациясымен тығыз ынтымақтастықты жандандыра түседі. Қазіргі таңда жетекші авиация әкімшілерімен келіссөздер басталған. «Бұның нәтижесінде 2020 жылдарға қарай қазақстандық авиация қызметінің ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі 64 пайыздан 80 пайызға дейін жоғарылайды. Осының арқасында Қазақстанның көліктік жүйесі әлемдік жүйеге тиімді интеграцияланады», - деді министр. 

Мұнымен қоса Ә. Исекешев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 65-ші қадамы Қазақстанның халықаралық транспорттық коммуникациялық ағынмен, интеграциясын қарастыратынын еске салып өтті. Айта кетерлігі, оның аясында Азиядан Еуропаға транзиттің кедергісіз өтуіне әсер ететін «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізі» атты мультимодалды көлік дәлізін құру жоспарланған болатын. Мұның өзі «Нұрлы жол» бағдарламасында қамтылып отыр әрі бұл Қытайдың «Жібек жолының» экономикалық белдеуі жобасымен үйлеседі. Тұтастай алғанда, осы бағытта Қытайдан Еуропаға дейін мултимодальды дәлізін дамытуға септігін тигізеді.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасымен авиация саласын дамыту мақсатында Қазақстанның халықаралық әуежайларында бірыңғай талаптарды бекіту қарастырылады. Сонымен қатар, сервисті жақсарту мақсатында халықаралық мәртебесі бар әуежайлардың халықаралық стандарттар бойынша аудиттен өту талаптары бекітіледі.

Жылу беру маусымының бастапқы айларына жетерлік отын қоры бар

Осы аптада Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов барлық ірі қалаларда жылу беру маусымының бастапқы айларына жетерлік отын қоры бар екенін айтты.

«Энергия стансаларында 3,5 млн. тонна көмір, 110 мың тоннадан астам мазут дайындалды. Бұл ірі қалаларда, барлық облыстарда жылу беру маусымының алғашқы айларына жеткілікті. Әрине, бүгінгі күні 100 пайыз дайын болу мүмкін емес. Шағын қалаларда проблема бар, бірақ олар шешілуде. Үкімет қорынан Семейге көмір сатып алу үшін қаржы бөлінді. Қаржы министрлігі мен әкімдіктер Арқалық пен Кентау қаласында көмір жеткізу мәселесін шешуде», - деді комитет басшысы.

Оның атап өтуінше, ағымдағы жылы жөнделуі жоспарланған қазандықтар мен жылу желілерінің 70 пайызы орындалған. Жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, брифингте «Кегок» АҚ-ның басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев алдағы қыста электр энергиясымен жабдықтауда проблема болмайтынын жеткізді.  «Толықтай алғанда, ұлттық электр желілерінде барлығы да кесте бойынша жүргізілуде. Магистралдық электр беру желілеріндегі барлық жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Стансалардағы жоспарланған жұмыстар қазіргі уақытта орындалды. Алдағы қысты еш қиындықсыз өткіземіз деп отырмыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, соңғы жылдары Орталық Азиядағы көрші елдердегі ахуал біршама қиын болып тұр. Дегенмен бұған қарамастан еліміздегі барлық электр стансалары кесте бойынша жұмыс істесе, ешқандай күрделі жайт туындамайды. Алдағы қыста Қазақстанның оңтүстігінен шамамен 3,5 мың МВт электр энергиясын өткізу жоспарланған. Ал ол үшін бұл өңірдегі электр стансалары шамамен 2 мың МВт электр энергиясын өндіруі қажет. Оның ішінде Жамбыл СЭС-і 650 МВт, Оңтүстік Қазақстандағы Энерго орталық-3 130 МВт электр энергиясын өндіруі тиіс.

Қазақстанда Туристер үшін кепілдендіру қоры құрылмақ

Қазақстанда әрбір туристен 0,5 АЕК көлемінде алым алу есебінен Туристер үшін кепілдендіру қорын құру жоспарлануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мәлім етті.

«Сөз біздің туристерді қорғау туралы болып отыр. Өздеріңіз де білесіздер,туристерге қатысты проблемалар жиі туындайды. Бұл маусымда чартерлер мәселесі дұрыс өткен сияқты. Бірақ, проблемалар шығып қалады. Естеріңізде болса, бір қонақ үй банкротқа ұшырап, туристеріміз біздің іс-қимыл аямыздан тысқары қалып қойған болатын. Сондықтан да кепілдендіру қорын құру ұсынылады. Оған әрбір туристен 0,5 есептік көрсеткіш көлемінде алым аударылады. Үкімет оны кім басқаратынын айқындайды», -  деді А.Рау.

Сонымен қатар, ол егер туристік операторлар чартерлік авиа рейстерді пайдаланатын болса, онда олар депозитке белгілі бір соманы салуы қажет болатындығын атап өтті. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қиындық туындаған сәтте аталған депозиттен ақша алынып, қазақстандық туристердің елге оралуына төленетін болады. Чартерлік жаздық бағдарлама аяқталғаннан кейін депозиттегі қаржы туристік операторларға қайтарылады.

ҚР ИДМ Туризм департаментінің директоры Тимур Дүйсенғалиев өз кезегінде депозиттегі сома туристерді елге қайтару үшін 3-4 чартерлік рейске жетуі тиістігін баса айтты.

Биыл Қазақстан диқандары 17,3 млн тонна астық бастыруды жоспарлап отыр

Бұл аптада «Ақмол-феникс» кәсіпорнына ұйымдастырылған баспасөз туры барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров биыл барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 21,2 млн гектарды құрағанын айтты. « Жалпы сыйымдылығы 342 мың тонна болатын астық сақтау қоймалары салынады. Ал, ғарыштан жүргізілген мониторингіге сүйенсек, 17,3 млн тонна астық бастырылады деп жоспарлануда», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде сыйымдылығы 3,7 млн тонна астық қоймалары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерде сыйымдылығы 12,6 млн тонна қоймалар бар. Бұл биыл жинайтын астықты бұзбай сақтауға толық мүмкіндік береді.

13 қыркүйектегі жағдай бойынша, елімізде 6 млн гектар егін алқабы орылды. «Биыл барлық ауыл шаруашылық дақылдарының егіс алқабы 21,2 млн гектарды құрайды. Оның ішінде, дәнді дақылдар 14,9 млн гектарды, бидай - 11,7 млн гектарды, майлы дақылдар егілген алқап                  - 2 млн гектарды құрайды. Мал азықтары дақылдары 3,7 млн гектарға, көкөніс, бақша дақылдары мен картоп 425 мың гектарға орналастырылды. Былтырғы жылдың көрсеткіштерімен салыстырар болсақ, жемдік жарма бұршақ дақылдары 316 мың гектарға, көкөніс, бақша дақылдары мен картоп 12,5 мың гектарға, мал азықтары дақылдары 400 мың гектарға, қант қызылшасы 7,4 мың гектарға көбейді», - деді вице-министр.

Табиғи факторларға байланысты, кейбір өңірлерде егін ору науқаны ақырын жүріп жатыр. Дегенмен, ел бойынша, астық бастыру науқаны жоспарға сай. «Қазір барлық өңірлерде егін жинау науқаны жүріп жатыр. Оңтүстік өңірлерде егіс жинау науқаны аяқталып қалды. Ол аймақта қазір күріш пен жүгері жинау жұмыстары ғана қалды. Астық жинау науқаны ақырын жүріп жатқан өңірлер - Ақтөбе жəне Батыс Қазақстан облыстары. Бұл ауа райының қолайсыздығына байланысты туындап отырған мəселе. Ал, жалпы алғанда, 13 қыркүйектегі жағдай бойынша, 6 млн гектар жердегі астық жиналды. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңіндегі жағдаймен салыстырғанда, 250 мың гектарға артық»,-деді вице-министр.

Сапархан Омаров Қазақстан Қытайға астық экспортын ұлғайтатынын мәлім етті. «Өздеріңіз білесіздер, былтыр экспортталған астық көлемі 7,3 млн тонна болған. Биыл да астықты экспорттау көлемі осы шамада болады деп жобалап отырмыз. Астықтың экспортқа шығатын тараптары - Орта Азия мемлекеттері, Иран, Пәкістан елдері. Биылдан бастап, Қытай мемлекетіне экспорттайтын астық көлемін ұлғайтамыз деген жоспар бар», - деді ол.

Бүгінде фермерлер 7 млн. тонна астық жинады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарлады.

«Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша барлық аймақтарда егін жинау науқаны жүріп жатыр. Биыл егін ору өткен жылдағы көрсеткіштерге қарағанда қарқынды. Ағымдағы жылғы 14 қыркүйектегі жағдай бойынша шамамен 6,3 млн гектар дәнді дақылдар жиналды, бұл 2014 жылғы деңгейінен 25,9 мың гектарға артық. Бүгінде 6,9 млн. тоннадан астам астық бастырылды (2014 жылы - шамамен 6,7 млн. тонна), астық түсімділігі гектарына 10,9 центнерден болды, бұл өткен жылдың деңгейінен 0,2 центнерге артық»,-дейді министрліктегілер.

Оңтүстік аймақтарда жүгері мен күрішті санамағанда, жалпы дәнді дақылдардың ору науқаны аяқталды. Жазғы дақылдардың өсірілуі кезеңінде ауа райының құрғақшылық болуы салдарынан ең төменгі түсімділік Ақтөбе (5,6 ц/га) және Батыс Қазақстан (5,3 ц/га) облыстарында байқалуда.

Айта кетейік, биыл барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 21,2 млн. гектарды құрады, оның ішінде дәнді дақылдар - 14,9 млн. гектар, бидай - 11,7 млн. гектар. Майлы дақылдар 2 млн. гектарға, мал азықтық дақылдар - 3,7 млн. гектар алқапқа, ал көкөніс-бақша дақылдары мен картоп - 425 мың гектар жерге себілді.

Астана қаласы Статистика департаментінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі  жағдай бойынша елорданың астық нарығына қатысушылардың қолында 39 815 тонна астық болды, жиналған астықтың барлығы дерлік азық-түлікке жіберілді.

Азық-түлікке жіберілген негізгі дәнді-дақыл - бидай (азық-түлікке жіберілетін жалпы астық көлемінің 93,7%-ы). Астықтың басым бөлігі - 91,6% қалалық элеваторларда жинақталған. Қаланың ұн тарту комбинаттарында қайта өңделетін 2390 тонна бидай, ал астық нарығына қатысушылардың қолында 2088 тонна арпа және 439 қарабидай бар.

Айта кетейік, 2014 жылдың 1 қыркүйегінде Астана қаласының астық нарығында 30 822 тонна астық болған, деп хабарлайды astana.kz.

«Елімізде 3,4 миллион гектар немесе барлық егістік алқаптың 22,7 пайызында астық жиналды» деп хабарлаған болатын Мемлекет басшысының Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Солтүстік Қазақстан,  Қостанай және Ақмола облыстарының әкімдері және ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының қатысуымен өтіп жатқан кеңесте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, биылғы астық шығымы жаман емес, сондықтан барлық күш оны уақытында ысырапсыз жинап алуға жұмылдырылуда.

«Бүгінгі күні республика бойынша машина-трактор паркінің 99 пайызы дайын. Жаға-жанар маймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілген. Сондай-ақ, астық қабылдау орындары мен элеваторлар үлкен дайындықтың арқасында биылғы астықты қабылдауға толық әзір. Биылғы жылы ауа райының қолайсыз болғанына қармастан республика бойынша барлығы 17,3 миллион тонна астық жинау жоспарланған. Астық шығымы орташа әр гектарынан 11,7 центнерден шығады деп күтілуде. Бұл бізге нарықтағы сұранысты қанағаттандырып қана қоймай экспортқа да шығаруға мүмкіндік береді», - деді Асылжан Мамытбеков.

Сонымен қатар, министр  осы үш өңірде 6 жобаның жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның 3-і бройлер тауықтарының етін өндіретін құс фабрикасы да 1-і сүт өңдеу фермасы және 2-і өсімдікмайын өндіру зауыты болып отыр.

Тегтер: экспорт астық