Қазақстандағы кәсіпорындардың 70 пайызында кәсіподақтар жоқ. Бұл туралы бүгін Автомобиль және ауыл шаруашылығы машина құрылысы халықаралық кәсіподақтар бірлестігі кеңесінің отырысында ҚР Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов мәлім етті.
Ол осы кәсіпорындарда бұрындары жұмысшылар арасынан кәсіподақ төрағасын жұмыс берушінің өзі таңдайтын жүйе болғандығын еске салып өтті. Жаңа заңнама бойынша төраға компания қызметкерлерінің жалпы жиналысында дауыс беру арқылы сайланады, деп жазады «Қазақпарат».
Айта кетсек, еліміздегі кәсіподақтардың дұрыс жұмыс істемейтіндігі жөнінде бұған дейін де «Кәсіподақ дегендер қайда жүр?» атты мақаламызда сөз еткен болатынбыз. Нарықтық бәсеке жолына түскен дамушы елдерде кәсіподақтардың болуы жай қажеттілік қана емес, заңды дүние болып есептеледі. Алайда, біздің елде кәсіподаққа барып арыз-шағымыңызды айту былай тұрсын, не үшін жұмыстан қуылып кеткенін түсіне алмай дал болатын жағдайлар да кездесіп тұрады, оны өтірік дей алмассыз.
P.S. Бүгінде Қазақстанда 170 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді және олардың басым бөлігі шағын және орта бизнес саласына жатады.