12.10.2015, 05:58

Сарапшы: Ұлттық банк интервенциясы 3 млрд доллар болуы мүмкін

Ұлттық банктің теңге курсын қалыпты сақтау үшін жүргізген интервенциясы 2015 жылдың соңына дейін 3 млрд долларды құрауы мүмкін. «Асыл-Инвест» сараптама департаментінің директоры Айвар Байкенов осындай пікірде деп жазады LS.

Сарапшы 2015 жылдың 16 қыркүйегінен бері реттеуші теңгені қолдау мақсатында 1 млрд 636,15 доллар жұмсалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, 2015 жылдың алғашқы жартысында реттеушінің 28 млрд доллар шығынына қатысты  сын айтылғанын жеткізді.

«Қазір үш аптаның ішінде 1,6 млрд доллар қаржы жұмсалды. Егер осындай жылдамдықпен жалғаса беретін болса, жыл соңына дейін 3 млрд доллар жұмсалады. Теңгені қолдауға қараша айының ортасында болатын  экспортшылардың салық төлемі өз көмегін тигізуі мүмкін. Нарықта доллар минимумы 300 теңгеге болады деп күтілуде», — деп болжам жасады А. Байкенов.

А.Байкенов Ұлттық банктің теңге курсына араласуы орынды деп санайды. Нәтижесінде теңге курсы 300 теңгеден орташа бағаға түсті.

«Шынымен қаржы секторына қауіп төнді. Ал интервенция арқылы теңгенің құбылмалығы тұрақталып, спекулятивті әрекетерге ескерту жасалды. Ал ары қарайғы интервенцияның қалай болатынын айту қиын», — деді ол.