Парламент мәжілісінің пленарлық отырысында депутаттар Қазақстан мен Қытай арасындағы жеңілдетілген несие жөніндегі заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Bnews.kz.
ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында проблема көп. Мәселен Қазақстан жағындағы өткізу бекетінде күніне 70-тен 300-ге дейін автокөлік жиналып қалады да, тасымалдаушылар 3 тәулікке дейін күтуге мәжбүр дейді ол. Ал бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Бірыңғай автоматтандырылған дәліздер құрылуы керек.
- Несие сомасы 2 млрд юань (112 млрд теңгеден астам). Кредит юань бағамымен және жылына 2%-ды құрайды. Несиені қайтару мерзімі 20 жыл. Алғашқы 5 жылда тек пайыздарын, кейін қаржының өзін төлейміз, – дейді министр.
Алынған несиеге автокөлік жолдарындағы 9 бекет және теміржолдағы 1 бекет жаңартылады. Жоба жұмыстары жыл соңында басталып, 2022 жылы аяқталады.
Айта кетейік, бұл келісімге мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың маусымында Пекин сапары барысында қол қойған болатын.