Жобаның мақсаты – "бір терезе" қағидаты бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық іс-шараларын орталықтандыру. Сондай-ақ инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы болмақ. Мұнда Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының менеджерлері, "SHYMKENT» ӘКК» АҚ, "Даму" қоры, "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы" АҚ және мемлекеттік органдардың қызметкерлері қызмет көрсетеді. Жоба алты негізгі бағытты қамтиды: мемлекеттік қызмет, қаржыландыру, өткізу, сандық қызметтер, Кәсіпкерлер палатасының менеджерлері жүзеге асыратын құқықтық сүйемелдеу және құзыреттер, «SHYMKENT» ӘКК» АҚ, «ДАМУ» Қоры, ХҚКО менеджерлері және мемлекеттік органдардың қызметкерлері жүзеге асыратын құзыреттер кіреді.
- "Бизнеске арналған Үкіметте" кәсіпкерлерге барлық қажетті кеңестер мен өз жобаларын сүйемелдеу бойынша қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, бәрі ашық және қолжетімді. Палатаның, мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының өкілдері қызметтердің толық спектрін көрсетеді. Енді бизнес үшін мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Ұсынылатын қызметтер онлайн режимде де қолжетімді, - деді Олжас Ордабаев.
Қала әкімінің орынбасары Данат Жуминнің айтуынша, «Бизнеске арналған Үкімет» қала кәсіпкерлеріне үлкен қолдау болмақ. Бұған дейін «Бизнес-Супермаркет» ашылып, жұмысын бастаған-ды. Ал енді "Үкімет" арқылы қызметтер көрсету, қолдау аймағы кеңейе түсті.
Іс-шара барысында Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев қызметтер аймағын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жиынға қатысушылар жобаның жұмыс істеу барысымен танысып, қызметтер аймағын аралап көрді.
«SN.kz»-ақпарат.