02.07.2019, 10:26

Басқарма басшысы Шымкент қаласында құрылыс тәртібі сақталуы тиістігін ескертті

Шымкент қаласында «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заң талаптарын бұзған 214 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Шымкент қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов мәлімдеді.

Басқарма тарапынан 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында әкімшілік жауапқа тартылған 214 тұлғаға 62,7 млн. теңге айыппұл салынған. Басқарма басшысы Шымкент қаласының сәулетіне сын келмес үшін кез келген құрылысты бастау алдын хабарлама жіберуді ескертті.

– Шымкент – республикалық маңызы бар ірі мегаполис. Қала сәулетті, құрылыс заңды болуы шарт. Жыл басынан бері өз бетімен құрылыс жүргізген жеке және заңды тұлғаларға Басқарма тарапынан 9 құрылыс нысанына шара көру туралы сотқа арыз жолданды. Сот шешімімен бүгінде оның 4-і бұзылды. Осындай келеңсіздік орын алмасын десе, әрбір жеке немесе заңды тұлға құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы Басқармаға хабарлама жіберуі тиіс, – деді Берік Тастанбекұлы.

Жыл басынан бері Шымкент қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына құрылысты бастағаны туралы 126 хабарлама түскен. Оның 108-і жекеменшік, 18-і бюджеттік құрылыс нысандары екен.

«SN.kz»-ақпарат.