04.12.2015, 04:48

ОҚО-да көпбалалы аналар саны 150 мыңнан асты

Оңтүстік Қазақстан облысында 150 мың 327 алтын құрсақты көпбалалы ана бар. Оның ішінде 26 мыңнан астамы «Алтын алқа» иегері болса, 32 мың ана «Күміс алқа» алған. Ал, 7200 әйел бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегері атанса, 6700-ге жуығы батыр аналарымыз. Сондай-ақ, 78 мың ана 4 жастан 18-ге дейінгі бала тәрбиелеп отыр.

Өмірге ұрпақ әкеліп, тіршілікке тірек болған қажыр-қайратты аналарды сауықтыру жағдайы толық шешілген. Жыл сайын 8 мыңға жуық жекелеген санаттағы азаматтар демалып, емделеді. Мәселен, жыл басынан бері 700-ден астам ана Ардагерлер үйінде, «Мейір» ардагерлер үйінде 720 Батыр аналар мен «Алтын алқа» аналар емделген.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 66190 нәресте дүние есігін ашқан. Оның 654-і егіз болса, 10-ы үшем. 

Айта кетейік, «Алтын алқа» – көпбалалы  аналарды  марапаттайтын награда, ол 7 не одан да көп баласы бар аналарға беріледі.

2010 жылға дейін аталған награда 10 және одан да көп баланы дүниеге алып келген әйелдерге берілетін. Ал, 2010 жылдан бастап бұл көрсеткіш 7 балаға дейін қысқарды. Қазақстан  Республикасының мүдделерін қорғау кезінде немесе өзге де қызметтік міндеттерді атқару үстінде қаза болған балалары ескеріледі.

Жібек бауға тағылған алқада   алақанда  аяланған  сәбидің   бейнесі  және  күн  шапағы бейнеленіп, айшықты  өрнекпен  көмкерілген.