Облыста жылыжай шаруашылығымен 8825 агроқұрылым айналысады. Өңірдегі жылыжайлар көлемі 110 гектарға артып, 1020 гектарға жетті. Республикадағы жылыжайлар көлемінің 87 пайызын алатын ОҚО-да осы жылы 150 мың тоннаның көкөніс өнімі өндірілді. Мұндай шаруашылықтар өңірдегі Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт аудандары мен Түркістан, Шымкент қалаларында көптеп салынуда.
Шымкенттегі Zero Max Kz зауыты өңірді жылыжайға қажетті құрылғылармен қамтамасыз етуде. 4 жылдан бері жылыжайдың сыртқы қаңқасымен бірге 50-ге жуық қосалқы бөлшектерін өндіретін кәсіпорын оны құрастырып, іске қосумен айналысады. Шығарылатын әрбір тауарға кепілдік беретін зауыт басшылығы бұзылған құрылғыларды жөндеуге де мүмкіндігі бар.
Индустрияландыру картасы шеңберінде ашылған кәсіпорын жылына 376 гектар жерге жететін жылыжай құрылымдарын шығаруға қауқарлы. Бүгінге дейін 150 гектар жердің жылыжай құрылғыларын өндірген зауытта болашақта пленка мен тамшылатып суаруға мүмкіндік беретін қондырғылар да өндірілмек. Жыл соңына дейін жаңа зауыттың құрылыс жұмыстары басталса, жылыжайға қажет керек-жарақтың барлығы Оңтүстіктен шығатын болады.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы жылыжай салудан Қазақстан бойынша бірінші орында. Бұл туралы бүгін Шымкенттегі Көрме орталығында өткен шағын және орта кәсіпкерліктің өңірлік форумында облыстың агроиндустриялдық аймағындағы 116 гектарлық жылыжай жобасының менеджері Абзал Меңдібеков .
Оның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы жылыжай салып, одан өнім шығаруда Қазақстан бойынша бірінші орында.
«Мысалы, қазіргі таңда Қазақстанда 840 гектар жылыжай болатын болса, оның ішінде парниктерді қосқанда 720 гектары Оңтүстік Қазақстан облысында. Яғни, біз бірінші орындамыз», - дейді менеджер.
Абзал Меңдібеков 720 гектар жылыжай бір жерде емес, аймақтың әр жерінде орналасқанын кемшілік деп есептейді.
«Егер біз өнімді экспорттайтын болсақ, әр жерден жинау керек. Сондықтан да біз оны қазір экспортқа шығара алмай отырмыз. Екіншіден, біздегінің көбі жаздық жылыжайлар. Мамыр айының соңы мен қыркүйек айына дейін өнім шығарады. Ал енді біз қазан айынан бастап мамыр айына дейін өнім шығаруды жоспарлап отырмыз», - дейді ол.