Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстанда неліктен банктер жұмысын тоқтататынын, ақшаны қалай, қайда сақтау керектігін және біздің елде бай болу үшін қанша табу керектігін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстанда былтыр үш банк жұмысын тоқтатты, олардың бірі - Астана банк, онда LRT құрылысына арналған ақша сақталған болатын. Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл қаражатты кепілдегі мүліктер жабады және алдағы үш жылда "Астана LRT" оны толықтай өтейді. Сонымен қатар, ол жабылған банктердегі қазақстандықтардың депозиті жайлы және оқыс жағдайлардан аулақ болып, ақша жоғалтпау үшін не істеу керектігін айтты.
"Салымшыларға арнайы қор өздері кепілдік берген соманың шегінде қаражатты қайтарды. Ал көп сомасы барлар, ақшасын бұл банктерге қандай тәуекелге барып отырғанын түсініп салды. Яғни, банкте көп ақша жинағанда оның дағдарысқа ұшырауы мүмкін екенін ескеру керек. Сондықтан тәуекелді әртараптандырып, барлық қаражат бір банкке салынбауы тиіс. Олардың жабылуы субсидиялаумен байланысты емес. Бұл - банктің өзінің менеджментімен және реттеуші тарап айналысатын бақылау-қадағалау функцияларымен байланысты", - деді ол.
Сонымен қатар, Қаржы министрі ақшаны қалай және қай валютада жинау керектігін айтты.
"Әңгіме ақшаны қандай валютада сақтау туралы болса, онда бір бөлігін теңгемен жинаған дұрыс. Өйткені депозит бойынша мөлшерлемесі жоғары. Бір бөлігін валютада, себебі белгілі бір тәуекел бар. Ақша бар болса, оны өзіңе, білімге, балалардың білім алуына салу керек. Бұл – басты инвестиция. Адамның білімі мен қабілеті болса, бұл алдағы уақытта табыс әкеледі. Ал кіріс көп болсын десеңіз, әр түрлі жағдайларда тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін "портфельді" әртараптандыру қажет", - деді министр.
Әлихан Смайылов бай болу жолы туралы да ойын білдірді және Қазақстанда жағдайың жақсы деп саналу үшін қанша ақша табу керектігін айтты. Ол бай боламын деп емес, бақытты болымын деп мақсат қою керектігін түсіндірді.
"Барлығы адамға және оның қазіргі жағдайында өзін қалай сезінетініне байланысты. Адам барына қанағаттанса, ол бақыттырақ болатын шығар. Немесе үнемі бір нәрсеге көңілі толмай, содан бақытсыз шығар. Бұл - әркімнің өз таңдауы. Ал материалдық жағдайға келер болсақ, адам өзін, отбасы мен балаларын қамтамасыз ету үшін үнемі жұмыс істеуі керек. Менің өмірлік тәжірибем адамдар өз-өзімен жұмыс істеуі керектігін көрсетті. Ол әрдайым жайлы орыннан шығуы керек. Бұл адамға дамуға және жаңа биіктерге жетуге мүмкіндік береді", - деді Қаржы министрі.