$ 449.58  486.94  4.86

Қазақстандық банктер бөлімшелерін жаппай жауып жатыр

Жыл басынан бері елдегі екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері 5,2 пайызға қысқарып, банкоматтар желісі 11,5 пайызға кеңейген.

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер жер-жердегі бөлімшелерін қысқартып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Ranking.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл басынан бері елдегі екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері 5,2 пайызға қысқарып, банкоматтар желісі 11,5 пайызға кеңейген. Маусым айының соңына қарай Қазақстан аумағында 11 мың банкомат қондырғысы тіркелген. 

«Олардың ішінде cash-in функциясы бар банкоматтар саны - 3,6 мың. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда, 72,1 пайызға немесе 1,5 мың данаға артық. Қолма-қол ақша қабылдау функциясы жоқ банкоматтар саны бір жылда 5 пайызға немесе 384 құрылғыға қысқарды. Нәтижесінде кеңейтілген функционалы бар банкоматтардың үлесі 21,3 пайыздан 33 пайызға өсті», - делінген сайттың мәліметінде. 

Осы тенденцияның әсерінен маусым айының соңына қарай екінші деңгейлі банктердің 133 бөлімшесі жабылып, 1926 бөлімше қалған болатын. Тамыз айында олардың саны тағы 0,6 пайызға қысқарып, 1915 ғимарат қалды. Сонда былтырғы тамыз айынан бері 105 бөлімше жабылған. Оның 57-сі жұмысын тоқтатқан Qazaq Banki, «Астана» және «Эксимбанк» ұйымдарына тиесілі. 

Бөлімшелерінің санын қысқартқан банктердің көшін Kaspi Bank бастап тұр. Бұл банк бірден 18 бөлімшесін таратқан. Қазір оның 201 бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Есесіне қаржы ұйымы банкомат желісін кеңейтуге күш салып жатыр. Қазір Kaspi Bank банкомта саны бойынша «Халық банктен» кейін екінші орында тұр. Jýsan Bank те 17 бөлімшесін қысқартыпты. Әзірге 138 бөлімшесі 17 өңірде жұмыс істеуде. АТФ Банк 13 филиалын қысқартқан. «Халық банктің» QazKom-ды құрамына қосқанын ескерсек, оның құрамында әлі де боса 656 бөлімше жұмыс істеп тұрғанын түсінуге болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары