09.12.2015, 11:27

ОҚО-да 20 млрд. теңгеден астам мүлік заңдастырылды

Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары И.Шалабаев мәлім етті.

Оның айтуынша, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыс тұрғындарынан 32 млрд. 849 млн. теңгені құрайтын 3504 өтініш келіп түскен. Оның 2385 өтініші бойынша құны 20 млрд. 547 млн.тг. құрайтын мүліктер заңдастырылса, бұл көрсеткішпен республикада 5-ші орындамыз.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес жария ету процесін жеңілдету және құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз қудаламауға кепілдік беру, сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 41-ші қадамды іске асыру мақсатында ағымдағы жылы 13 қарашада Мүлікті жария ету туралы заңына өзгерістер енгізілді»,- деді И.Шалабаев Мүлікті жария ету азаматтар үшін де, ел үшін де тиімді екенін айтқан басқарма басшысының орынбасары барша тұрғындарды беріліп отырған мүмкіндікті пайдалана отырып, мүліктерін жария етуде белсенді болуға шақырды.

Естеріңізге салайық, мүлікті жария ету мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылған.