Қазақстанның сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова Украинаның сауда өкілі Тарас Качка бастаған украин делегациясымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жанель Күшікова Украина тарапының өз нарығын қорғау мақсатында қабылдап жатқан шараларына алаңдаушылық білдірді.
Былтыр «ЕПК Степногорск» АҚ Украина теміржолдарына мойынтірек жеткізуге тендер ұтып алған болатын. Сол тендер аясында бір жылда 2,1 мың тонна тербелмелі мойынтірек экспорттаған. Ал «Қазфосфат» ЖШС мен «ҚазАзот» АҚ Украина нарығына жыл сайын орта есеппен 113 мың тонна минералдық тыңайтқыш жеткізеді. Биыл Украина аталмыш өнімге қатысты демпингтік тексеру өткізіп, минералды тыңайтқыштарға қатысты арнайы тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
«Қазақстан тарапы Украинаның өз нарығын қорғау шараларына алаңдаушылық білдіреді. Украина нарығы қазақстандық өндірушілер үшін тұрақты нарық. Қазір қабылданып жатқан шаралар біздегі кәсіпорындардың экономикалық жағдайын айтарлықтай нашарлатуы мүмкін», – деді вице-министр.
Украина тарапы бұл жеке Қазақстанға қарсы жасалып жатқан шара емес екенін, Еуразиялық экономикалық комиссия жүргізетін демпингке қарсы тергеп-тексерулерге осындай тәсілмен жауап беріп отырғандарын меңзеді. ЕАЭО елдері Украинадан шыққан тауарларға қатысты қолданатын сауда шаралары осыған ұқсас екені де айтылды. Тараптар екіжақты экономикалық қарым-қатынасты үкіметаралық комиссия аясында қарау мүмкіндігін, соның аясында сауда-саттықты дамыту мәселелерін талқылады.