Қытай компаниялары Қазақстан мұнайының 24%-ын өндіріп отыр. Мұнымен тоқталмай, 55 жоба аясында 27 млрд доллар инвестиция салмақшы. Бұл жобалар тау-кен өнеркәсібі, энергетика, машина жасау, химия және тамақ өнеркәсібі мен басқа да салаларды қамтиды, деп жазады inbusiness.kz.
Билік бұл инвестициялардың артында мол табыс тұрғанын қанша айтса да, басқа елдердің тәжірибесі арқаны кеңге салуға болмайтынын көрсетіп отыр. Қытай туралы сөз бола қалса, ресми тұлғалар экономиканы әртараптандыру мен арзан ақша туралы айтады да, ықтимал қауіптер туралы жақ ашпайды. Шынтуайтында, Қазақстандағы жағдай да, әлемдегі ахуал да жұрттың бекерден-бекер қауіптенбейтінін байқатады.
Іргедегі қытайлардың миграциясы қазақстандықтардың басты үрейіне айналды. Бұл елде жыл сайын Қазақстан халқының жартысына тең адам дүниеге келеді. Билік бұл қауіпті ұмыттыру үшін Қытайға қарсы наразылықты бәсеңдетуге күш салып келеді. Қазақстанда Қытай жұмысшылары шынымен көп пе?
Бұл ел Қазақстан аумағына жұмысшыларын кіргізуден алдына жан салдырмай тұр. 2010-2017 жылдар аралығында біздің елге 100 мың қытай жұмысшысы тартылған (бұл – елдегі шетелдік жұмысшылардың үштен бір бөлігі деген сөз). Аталмыш көрсеткіш бойынша екінші орында тұрған Түркияның өзі шетелдік жұмысшыларды екі есе аз жалдаған. Кейінгі жылдары қытайлық жұмысшылардың саны да, шетелдік жұмыс күшіндегі үлесі де ұлғайған. 2013 жылдан 2017 жылға дейін Қытай жұмысшыларының саны екі өсе өсіп, шетелдік жұмыс күшіндегі үлесі 27-ден 43%-ға артқан.