12.11.2019, 12:45

Елімізде министрліктер 68 млрд теңгені игермеген

фото: 7kun.kz
Өкінішке қарай, 10 айдың қорытындысы бойынша бюджет 3 рет пысықталып, 2 рет түзету енгізілгеніне қарамастан, мемлекеттік органдармен қатар, жергілікті жерлерде де бюджеттің игерілмеу жағдайы бар.

Үстіміздегі жылдың 10 айы бойынша республикалық бюджетті уақытылы игермеген мемлекеттік органдардың тізімі жасақталды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Республикалық бюджеттің шығыны 9 трлн 565 млрд теңгені құрайды немесе 99,2 пайыз. Оның ішінде 11 млрд теңге үнемделді. Бюджеттің игерілмеуі – 68 млрд теңге. Бұл жерде осы айдың нәтижесін көрсететін бюджеттің пысықталуы ескерілмеген.

Республикалық бюджетті уақытылы игермеген мемлекеттік органдардың қатарында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 10,1 млрд теңге, Білім және ғылым министрлігі – 9,3 млрд теңге, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – 7,8 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігі – 6,1 млрд теңге және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 5,1 млрд теңге», - деді Үкімет отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, мемлекеттік органдармен қатар, жергілікті бюджеттің де игерілмеуі орын алып отыр.

«Өкінішке қарай, 10 айдың қорытындысы бойынша бюджет 3 рет пысықталып, 2 рет түзету енгізілгеніне қарамастан, мемлекеттік органдармен қатар, жергілікті жерлерде де бюджеттің игерілмеу жағдайы бар», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін Үкімет отырысында еліміздің 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралуда.