Есеп комитетінің отырысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов, жүргізілген тексеріс нәтижесінде Торғай облысының атына тіркелген 1,3 млрд теңге сомасындағы мемлекеттік қарызды атады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Осы орайда, журналист Ербол Мәндібек facebook парақшасына «Торғай облысы Үкiметке 1,3 млрд теңге қарыз екен. Бұл не сұмдық? Облыс жабылғалы 22 жыл өттi. Есеп комитетi есінен танған ба?» деп жаза қойды. Оны қолдаған желі белсенділері де «Торғай облысы картада жоқ қой. Қарызды кім алған?», «Олар кейінгі кезде көп шатасатын болды ғой. Өкінішті, әрине! Өткенде Білім министрінің «12+6=17 болады» деп шатасқаны елге күлкі болды» деп шуласты.
Ал есеп комитетінде осы деректі алға тартқан жергілікті шенеуніктің айтуынша, әкімдік бұл мәселені шешу үшін 20 жыл бойы «шаралар қабылдаған» көрінеді. Алайда, қарыз алушылардың қабылдаған міндеттемелерін растайтын бірде-бір құжаттар немесе мемлекеттен қарыз алған заңды тұлғалар жоқ.
Демек, «қырық жылғы малтаны езу» ұғымына сәйкес келетін бұндай мәселелер экономикалық тұрғыдан «өлі қарыз» деп есептеледі. Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунованың айтуынша, дәл осындай жағдай еліміздің басқа да аймақтарында бар екен. Ол осы мәселелерді шешу үшін арнайы жұмыс тобын құру керек деп «білек сыбанып» отыр.
Сонда қалай, билік қазір мемлекеттік бюджеттің «түбін қағып» қалған ба? Әйтпесе, әкімшілік орталығы Арқалық қаласында орналасқан Торғай облысы 1997 жылы таратылып, оның аумақтары Қостанай мен Ақмола облыстарының құрамына бөлініп берілген еді ғой? Ал Арқалықтың өзі бүгінде соғыстан қалған жұрттың жұрнағы сияқты жартылай қаңырап тұр. 22 жыл бұрынғы «қарызды» қайтармақ түгіл, 22 жыл бойы қайта қалпына келтірілуі үшін қарыз қабылдайтын деңгейде.
Бұл ретте, Қостанай облысы әкімінің орынбасары не деді дейсіздер ғой?.. «Бұл проблема аймақтық деңгейде шешілмейді. Өйткені, Қаржы министрлігі қаржы бөлді...», - деп мәймөңкелеп отыр ол. Ал соның алдында ғана «қарыз алушылардың қабылдаған міндеттемелерін растайтын бірде-бір құжаттар немесе мемлекеттен қарыз алған заңды тұлғалар жоқ» дегені ше? Демек, алдағы уақытта құрылатын әлгі арнайы жұмыс тобы жоғарыдағы ықпалды және кезіндегі жергілікті жемқорлардың «жемсауын сығып» көрулері керек-ақ.