Шымкентте Еуразиялық экономикалық одақ басшылары кеңесінің 4-ші отырысы, сондай-ақ Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекеттік орган басшыларының 56-шы мемлекетаралық кеңесі болып өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
Кеңеске Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғыз, Тәжік және Армения Республикалары мен Ресей Федерациясының, Еуразиялық экономикалық комиссиясының өкілдері қатысты. Жиынды 2019-2020 жылдарға арналған Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңестің төрағасы, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің басшысы Арман Шакқалиев жүргізіп отырды.
«Біз бұл кеңесті Шымкент қаласында алғаш рет өткізіп отырмыз. Оның өзіндік себебі бар. Келесі жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Осы орайда ұлттық орган басшылары қаламен жақынырақ танысса дейміз. Ал, бүгінгі кеңес отырысында заманауи стандарттау жүйесінен кейін қалып қойған тұстарды талқылайтын боламыз. Мемлекетаралық сауда байланысын нығайту жағы да сөз болады», - деді ол.
Айта кетейік, кеңесті 1992 жылы ТМД елдерінің басшылары құрған. Кеңес мүшелері жылына 2 мәрте бас қосып, стандарттау, метрология бойынша бірқатар ұсынысты талқылайды. Маусым айында Ресейдің Пятигорск қаласында кеңестің 55-ші отырысы өткен болатын.
«Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК бас директоры Қайрат Кәрібжанов Ресейде өткен жиында көптеген мәселелерді талқылағаны жөнінде сөз қозғады.
«Қазіргі таңда көп мәселелер сауда экономикалық тұрғыдан кездесіп жатыр. Сол кедергілердің бірі – стандарттар. Халықаралық стандартты өзіміздің тәжірибеге енгізуді қарап жатырмыз. Мемлекетаралық кеңесте осы жәйттер сөз болып, кәсіпкерлерге жағдай жасау жағы пысықталды. Кәсіпкерлерге өндіріп жатқан өнімінің сапасы жоғары болғаны жақсы. Өйткені, өтімділігі де жоғары болмақ», - дейді бас директор.