10.01.2020, 10:00

«Ақтөбемұнайгаз» компаниясына тиесілі 3 млн литр мұнай қалдығы өртеніп кетті (ВИДЕО)

Жалын бой бермеген соң, облыс орталығынан қосымша күш шақыруға тура келген.

Ақтөбе облысында мұнай-газ өңдейтін кешендегі резервуарда болған өрт сегіз сағатта әрең өшірілді. Үш миллион литр мұнай қалдығы сақталған бөшкедегі жалынды алғашқыда Жаңажол кеніші маңындағы арнайы өрт сөндіру қызметі сөндірмек болған, деп хабарлады КТК арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жалын бой бермеген соң, облыс орталығынан қосымша күш шақыруға тура келген. Отқа оранған сұйыққойма «Ақтөбемұнайгаз» компаниясына тиесілі. Мұнда су аралас мұнай қалдықтары сақталады. Жұмысшылар темір бөшкенің тесігін бітеуге дәнекерлемекші болған. Сол кезде ұшқын қара майдың үстіне түседі. Лезде жарылыс болып, қақпағын ұшырып жіберген. Абырой болғанда ол маңда болған жұмысшылардың барлығы дін аман. Ал жарылыстан соң лапылдаған жалынға ешкім жолай алмапты. Ең бастысы, от жайылып кетпеуі үшін қасындағы резервуарларға құтқарушылар су шашып, суытумен болған. 

"Дәнекерлеу жұмыстары жүргізілгенде резервуар ішіне шоқ түскен Бірінші жарылыс болған. Сосын басындағы есігін 20 метрге лақтырып жіберіп, өрт болған", - деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Асқар Төлешов.