Экологтар мен кәсіпкерлер уылдырық шайқап, шабақ өрбітетін инкубациялық орталықтарды көптеп ашуды ұсынып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Облыс бойынша жылына 30 мың тоннадай балық өңдейтін 25 кәсіпкерлік нысан бар екен. Ал су маржанын молайтумен тек «Қамыстыбас» тұқымбағы ғана айналысады. Жасанды су тоғандарынан жыл сайын 15 миллион шабақ айдындарға жіберіледі екен. Бірақ, бұл меже мардымсыз дейді мамандар.
«Көлдердің биоқұрылымын сақтайық» жобасын іске асырып жүрген «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі мамандарының айтуынша, айдынның алуан түрлі қорының азаюына ең алдымен экотазалаудың жоқтығы басты себеп көрінеді. Балық инспекторлары мен волонтерлар теңіз-көлдердің жағасын қоқыстан арылтқан болады. Алайда, су түбіне шөккен түрлі қалдықтар ихтиофаунаға кері әсерін тигізіп отыр.
«10 жылдан аса жұмыс істеп келе жатырмын. Осы уақытқа дейін көлдердің тереңдетіліп, тазаланғанын әлі көрген емеспін. Теңіздің ішінде бұрын қайықтардың басында қамыс кесетін болатын. Көлдің тереңіндегі ауларды, артық шалаңдарды шығаратын. Негізі бізге сондай құралдар керек. Көлдер тазаланса, балықтың қоры да көбейеді. Халыққа азық-түлік болады. Балықтың әрі қарай өмір сүруіне жақсы жағдай жасалады деп ойлаймын», - дейді «Арал теңізі» ҚБ директоры Айнакүл Баймаханова.
Арал ауданының өзінде жылына 20 мың тоннадай балық өңдейтін 8 зауыт жұмыс істейді. Теңіз өнімі Еуропа елдеріне экспортталады. Табиғат пайдаланушылар негізі аулаған балық көлемі есебінен айдынды шабақтандырып отыруға міндетті. Бірақ, сату мен пайда табуға дәніккен кәсіпкерлер балық өсіруге құлықсыз секілді.
«Кәсіпкер Әділбек Әйімбетов Бөген елді мекені тұсынан су тоғанын алып жатыр. Жалпы көлемі 170 гектарды құрайтын көлді «Домалақ көл» дейміз. Қазір жобасын жасап жатыр. Мемлекет тарапынан әр өсірілген балыққа субсидия алады, қолдау бар. Біз аудан тарапынан жер теліміне, инфрақұрылым мәселесіне қолдау жасап жатырмыз. Кәсіпкерлер тоған шаруашылығын дамыту мақсатында бетбұрыс жасауда», - дейді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.
Тоған шаруашылығын дамытуға ихтиолог, технолог және кәсіби моторлы қайық жүргізушілерінің тапшылығы да кедергі болып отыр. Зейнетке шыққан мамандар әлі өзен-көл жағалап жүруге мәжбүр. Осы ретте, «Камбала» өндірістік нысаны базасында жас мамандарды қайта даярлау курсы ұйымдастырылмақ.