25.02.2020, 23:55

Жемқорлық: ұрланған 27 триллион теңгенің негізгі бөлігі – Британия мен Швейцарияда

фото: uralskweek.kz
Комитетке осы күнге дейін күдікті аударымдарға қатысты 436 ақпарат түскен.

Алаяқтар мен жемқорлар осы күнге дейін шетелге 27 триллион теңге шығарып үлгеріпті. Бүгін сенаторлар мен қаржыгерлер бұған алаңдаушылық білдірді. Оған осқауыл қою жолдарын іздеді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Елді алдап ақша жинаған да, билікті алдап ақша жымқырған да қаражатты шетелге шығарудың сан алуан түрін біледі. Олар қолданыстағы заңды айналып өтудің барлық тетігін әбден меңгерген. Алғашқылар 90-жылдары қашып үлгерді. Кейінгісі күні кеше ғана 6 млрд теңгемізді арқалап кетті.

«Бірінші рет емес. Сондықтан бұл мәселені біз сол үшін көтеріп отырмыз. Мен де сіздер сияқты сол сұрақты қойып, жауап ала алмай жатырмын. Олар өздері айтады, жазбаша түрде жауап берейік деп. Себебі, олардың өздері дайын емес шығар», - дейді сенатор Нұрлан Қылышбаев.

Қаржы министірлігі жанынан 2008 жылы Қаржы монторингі комитеті құрылған. Құрылымның жұмысы – күдікті ақша аударымдарын анықтау және олардың жолын кесу. Келтірілген деректерге қарағанда, Қазақстаннан ұрланған қаражаттың негізгі бөлігі Британия мен Швейцарияда ұшты-күйлі жоқ болып жүр.

«Осыған сәйкес ақпараттар түсіп отырады. Бұған байланысты елімізде көп резонансты істер болды ғой. Әбілязовке, Статиге байланысты. Соның бәрі біздің осы комитет арқылы алынған», - дейді Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Лесбеков.

Аталған комитеттің дерегінше, күдікті қаржылық аударымдар туралы ақпаратты бүкіл әлемдік қаржылық барлау құрылымдарынан алады. Расталған фактілер ішкі істер органдарына түседі. Комитетке осы күнге дейін күдікті аударымдарға қатысты 436 ақпарат түскен. Соның төртеуі расталып, іс сотқа жетті. Қалғандары зерттеліп жатыр.

«Түйені түгімен жұтатындардан» «биені бүгімен жұтатындар» да қалыспайды. Олар осы күнде түрлі мобилді аударымдарды, онлайн әмияндарды пайдаланып, талай елді зар қақсатып жүр. Комитет осылармен алысуға қауқарсыз. Өйткені, олардың аударымдарын тексере алмайды.

«Заңдастырсақ қана біз олардан талап ете аламыз. Бүгінгі күнде біз талап ете алмай отырмыз. Яғни, кім жіберіп жатыр, кімге жіберіп жатыр деген қаражатты», - дейді Ғабит Лесбеков.