Белгілі экономист, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай Министрлер кабинеті мен Ұлттық Банктің біріккен үндеуіне өз пікірін білдірді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Үкімет және жергілікті атқарушы органдар бағаның, әсіресе, әлеуметтік маңызды тауарлар мен қызметтер бағасының негізсіз өсуінің алдын алуға ерекше назар аударатын болады». Қалайша? Өндірушілер тауарларының өзіндік құны да өседі ғой. Олай болса, мүмкін сіздер олардың шикізатының бағасын өсіруді болдыртпассыздар? Неткен қолдан жасаушылық?!
«Азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы, соның ішінде жұмысшылар санының қысқартылуы қатаң бақылауға алынады». Сонда өндірушілер өз шығындарын қалай реттеуі қажет? Егер олар қызметкерлер санын, өз шығындарын қысқартпаса, тікелей банкротқа ұшырайды ғой.
Үкіметте жеке сектор қалай жұмыс жасайтынын білетін біреу бар ма осы? Реформалар қайда? Мемлекеттік аппараттағы қысқартулар қайда? Экономиканы дамытуға арналған іс-шаралар қайда?» деп жазды ол facebook парақшасына.
Айтуынша, Ұлттық банк осындай сәтте өз ставкасын көтеру емес, төмендетуі тиіс екен. «Олар бұл жолы да «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» өтіп кетеміз, терең реформаларсыз құтыламыз деп сеніп отыр» деп есептейтін экономист, бұл ретте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2030 жылға дейінгі Қазақстанның сыртқы саясат Концепциясын бекіткенін айта кетті.
Марұлан Сейсембаевтың пікірінше, сол Концепцияның өзі қысқа да нұсқа болуы шарт.
«1. Еліміздің азаматтарын әлемнің кез келген бұрышында қорғау. 2. Отандастарымыздың бизнесін әлемнің кез келген нүктесінде қорғау. 3. Визасыз тәртіптегі елдердің максималды саны. 4. Елшілік пен өкілдіктердің неғұрлым минимальды саны. 5. Сыртқы саясаттағы нейтралитет. 6. Ешкіммен ешқандай одақ құрмау. 7. Кез келген дүниеде практицизм және прагматизм. Қазақстанның ешқандай достары болмауы керек, Қазақстанның тек жеке мүддесі болуы тиіс. 8. Ешқандай империялық амбиция, жобалар, әлемдік форумдар, съездер және өзге де бос дүниелерге жол жоқ. 9. Сыртқы саясат толығымен Қазақстан азаматтарының мүддесі үшін жұмыс жасауы тиіс. 10. Заңсыз түрде активтерді елден шығаруды анықтауға қатысты халықаралық ұйымдармен максималды түрде байланыс орнату керек», - дейді ол.
Қазір желі қолданушылар білікті экономисттің ұсыныс-пікірін бірауыздан қолдап: «Бұл билік өзінің қатесін түсіне ме? Бар жасайтыны – өйтіп-бүйтіп амалдау. Бұрынғы әдісі ғой. Меморандумдарға қол қою. Қоғамдық жұмыстар, азық-түлік бағасын қадағалау, кәсіпкерлерді қысу...» деген сияқты ойларын да ортаға салып жатыр.