28.03.2020, 06:40

Коронавирус: әлемдік және қазақстандық байлар індетті ауыздықтауға қанша қаржы шығарды?

фото: liter.kz
Олигарх Болат Өтемұратов Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына 200 миллион теңге бөлді. Сондай-ақ, республикалық көмек қорына 1 млн доллар аударған. Ал «Ювентус» футбол клубының басшысы Андреа Аньелли Италияға 10 млн еуро қаржы бөлген.

Бүгінде 180-нен астам елде тараған коронавирус адамзатты алаңдатып отыр. Індетпен күреске әлемдегі танымал бизнесмендер, футболшылар және инвесторлар қыруар қаржы бөліп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға көмектесуде.

Әлемге әйгілі олигархтардың қайырымдылығы

«Tesla» компаниясының иесі, бизнесмен Илон Маск Калифорния ауруханасына 1250 дана өкпені жасанды желдету аппаратын берген. Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс болса, коронавируспен күреске 50 млн АҚШ долларын бөлген. Қытайлық миллиардер Джек Ма Африка елдеріне 1,5 млн коронавирус тестін, 100 мың медициналық маска мен медицина қызметкерлеріне арналған 1000 киім сыйлаған. Сондай-ақ, коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығаруға 14 млн доллар қаражат бөлген.

Apple төрағасы Тим Кук АҚШ пен Еуропа дәрігерлеріне 2 млн медициналық маска сыйлаған. Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаған Марк Цукерберг дәрігерлерге 720 мың медициналық маска сыйлап, 20 млн доллар қаражат бөлген.

Францияның «Лион» футбол клубы қалалық ауруханаға 300 мың еуро тарту еткен. «Ливерпуль» футбол клубының ойыншысы Мұхаммед Салах туған жері Мысырға 1 млн 170 мың еуро көлемінде қайырымдылық жасаған. «Бавария» футбол клубының ойыншылары Леон Горецка мен Йозуа Киммих коронавируспен күреске 1 млн еуро бөліп, «We Kick Corona» атты сайт жасады. Бұл сайт арқылы адамдар пандемиямен күреске ақша аудара алады.

«Бавария» футбол клубының ойыншысы Роберт Левандовски пандемиямен күреске 1 млн еуро бөлді. «Манчестер Сити» футбол клубының ойыншысы Лерой Сане вируспен күреске 500 мың еуро бөлген. «Реал Мадрид» футбол клубы коронавирусқа қарсы емге қажетті құралдар мен дәрі-дәрмек сатып алуға 350 мың еуро бөлді. Әлемдегі ең бай инвесторлардың бірі Уоррен Баффет коронавируспен күреске 20 млн доллар бөлді.

«Ювентус» футбол клубының басшысы Андреа Аньелли Италияға 10 млн еуро қаржы бөлген. Қаржы Италияның Азаматтық қорғау департаментіне Турин мен Пьемонт қалаларындағы науқастарға қажетті жағдай жасау үшін жұмсалған. Францияның «ПСЖ» футбол клубы «Француз халқына көмек» ұйымына 100 мың еуро қаржы аударған.

Қазақстандық байлар коронавируспен күреске қанша қаржы бөлді?

Алғашқылардың бірі болып «Halyk bank» коронавируспен күресетін медицина қызметкерлеріне 100 млн теңге аударды. Кейін «BI Group» компаниясы дәрігерлерге 100 млн теңге бөлді. Бұл туралы компания басшысы Айдын Рахымбаев хабарлады.

Экс-президент кеңсесінің қызметкерлері коронавирусқа қарсы күреске бір күндік жалақысын аударған. Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің қоры коронавирусқа қарсы 200 млн теңге бөлді. Сондай-ақ, қор басшылығы 50 мың медициналық масканы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына берді.

«Верный Капитал» компаниялар тобы 1 миллион АҚШ долларын бөлген. Олигарх Болат Өтемұратов Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына 200 миллион теңге бөлді. Сондай-ақ, республикалық көмек қорына 1 млн доллар аударған. Кәсіпкерлер Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаев індетпен күреске 1 млрд теңге бөлген.

«Бипэк Авто» коронавируспен күреске 30 көлік берген. Қазақстанда құрастырылған көліктер Нұр-Сұлтан, Алматы және Өскемен қалаларындағы жедел штабтарда қызмет көрсетеді. Компанияның бас директоры Ерік Сағымбаев бұл 30 көлікті күтіп-ұстау шығындары төтенше жағдай кезеңінде толықтай өз мойнында болатынын мәлімдеді.

Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры» COVID-19 вирусымен күреске 150 млн теңге бөлді. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Серікжан Сейітжанов коронавируспен күреске 100 млн теңге аударды.

Экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуінен кейін республикалық қорға бір күнде 41 млрд доллар жиналған. Айдос Үкібай бұл қаражаттың қауіпті инфекцияға қарсы күреске қажетті жабдықтар – медициналық препараттарды, қорғаныс құралдарын, өкпені жасанды желдету аппараттарын, азық-түлікті және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған бірінші қажетті тауарларды сатып алуға жұмсалатынын айтты.

Республикалық қорға кім қанша қаражат аударды?

Қазақстандық «Eurasian Resources Group» компаниясы – 10 млн доллар; «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – 10 млн доллар; кәсіпкер Тимур Құлыбаев – 10 млн доллар; кәсіпкер Кеңес Рақышев – 1 млн доллар; «АТФ» коммерциялық банкінің иесі Ғалымжан Есенов – 2 млн доллар; «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бақылау кеңесінің төрағасы Рашид Сәрсенов – 2 млн доллар; Кәсіпкер Александр Клебанов – 2 миллион доллар; Кәсіпкер Александр Белович – 2 миллион доллар.

Дереккөз: qamshy.kz