«Шымкент» ӘКК» ҰҚ» АҚ «Қарқынды бақтар» агро-аймақ жобасы туралы бастама жасап, қарқынды алма және жаңғақ бақтарын өсіру жобасын қолға алмақ. Ауданы 1 мың гектар болатын алма және жаңғақты алқабы Қазығұрт ауданындағы Қаржан тау жотасының солтүстік-батыс баурайынан құрылмақ. Алқапта АҚШ-тың Калифорния штатында өсірілетін «чандлер» сұрыпы өсірілетін болады.
Еліміз бойынша теңдессіз жоба болып табылатын плантация егіс алаңын ұлғайту арқылы грек жаңғағы өнеркәсіптік өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Тамшылатып суару арқылы өсірілетін жемістер еліміздегі импорттық жаңғаққа тәуелділікті азайтып, жаңғақ сұранысын қанағаттандыруға сеп болмақ. Аталған жобаны жүзеге асыруға «БАЗИС» холдинг компаниясы қызығушылық танытып отыр.
Осылайша, Қазақстанның жаңғақты өндіру мен экспорттау бойынша әлемдік көшбасшы болуға барлық мүмкіндігі бар. Жаңғақ бизнесі Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешеннің бір сегменті болып табылады. Келешекте бұл жоба елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және әлемдік экономикаға бірігудің маңызды факторларының біріне айналуы мүмкін.
Айта кеткен жөн, бүгінгі күні грек жаңғағының өзегі әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие өнім болып табылады. Бағалауға сәйкес, тек Еуропалық одақ елдерінде қазірдің өзінде грек жаңғағының тапшылығы 180 мың тоннадан асады. Жыл сайын аталған жеміске сұраныс арта түсуде.