Америкалық Forbes журналы әлемдегі ең дәулетті адамдардың тізімін жаңартты. Осынау рейтингке енетін қазақстандық 5 миллиардер позицияларын жоғалтпағанымен, дағдарыс салдарынан біраз қаражатынан айрылғанын байқауға болады. Еліміздегі байлардың көшін бұрынғыша Болат Өтемұратов бастап тұр.
Б.Өтемұратов бір жылда 300 миллион долларын жоғалтыпты және қазіргі таңда жиған дүниесі 2,3 миллиард доллардың көлемінде. 2015 жылы Forbes оның байлығын 2,6 миллиард доллар деп көрсеткен болатын (2014 жылы - 2,2 млрд доллар). Жалпы, әлемдегі байлардың тізімінде Өтемұратов 771-ші орында тұр.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мен күйеу баласына да дағдарыс әжептеуір әсер еткен секілді. Тимур мен Динара Құлыбаевалардың бүгінге дейін жиған-тергені 2 миллиард долларды құрап отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 2,1 миллиард доллар болатын. Жалпы тізімді ерлі-зайыптылар 906-шы орынға табан тірепті.
ENRC барлау компаниясы иелерінің бірі, «Еуразиялық банк» АҚ президенті Алиджан Ибрагимов пен «Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы басшысы Владимир Кимнің әрқайсысында 1,5 млрд доллардан бар. Олар Forbes рейтингінің 1198-ші орнын өзара бөліскен.
Ал, әлемдегі ең бай адам ретінде тағы да Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс танылды. Оның дәулеті 75 млрд долларды құрайды. Екінші орында — Inditex компаниясының иесі Амансио Ортега (67 млрд доллар), үшінші орында — танымал инвестор Уоррен Баффет (60,8 млрд доллар).