15.03.2016, 06:27

«Қызылорда-Жезқазған» бағытына қатынайтын алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты

Бүгін Сыр елінен «Қызылорда-Жезқазған» бағытына қатынайтын алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты. Айта кетейік, бұл жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

«Қызылорда – Жезқазған» пойызы былтыр ғана қолданысқа берілген «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» жаңа теміржолы үстімен жүреді. Жаңа пойыз Қызылорда облысының солтүстігінде орналасқан 65 станция арқылы өтеді. Енді қызылордалықтар Сарыарқа өлкесіне бір тәулік ішінде пойызбен тікелей бара алады.

- Елбасы бастамасымен темір жол, көлік жолдары құрылыстарының жүргізілуі мемлекетіміздің, қала берді облыстардың бірі-бірімен сауда-саттығын, барыс-келісін, алыс-берісін, экономикалық байланыстарын нығайтып, халықтың тұрмысын түзейтін болады. «Қызылорда – Жезқазған» пойызының қатынауы Наурыз қарсаңында Сыр жұртшылығы ғана емес екі арадағы қаншама халық үшін шын мәнінде үлкен сый болды, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Жаңа жолаушылар пойызы 5 вагоннан тұрады. Билеттердің де бағасы тиімді. Мәселен, жолаушы Баян Әлімова бұрын Жезқазғанға автобус арқылы қатынаған. Ол темір жолдың тиімді тұстары көп екендігін айтады.

– Әсіресе, қысты күндері қиналатынбыз. Жезқазғанның жолы қауіптірек болатын. Енді бұл қиыншылықтар артта қалды. Енді пойызбен еш уайымсыз Жезқазғанға қатынайтын болдық, - дейді жолаушы Баян Әлімова.

Айта кетейік, екі өңір арасындағы байланысты нығайту мақсатында биыл «Қызылорда-Жезқазған» арасындағы жолды асфальттау жұмыстары басталады.