ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020 жылдың соңына дейін Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар қаралды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндама жасап, Кешенді жоспарды Үкіметтің Ұлттық Банк, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастықтармен бірлесіп әзірлегенін жеткізді.
Кешенді жоспар экономика салаларын қолдау жөніндегі жедел шараларды қамтиды. Бұл салықтық ынталандыру, несие беруді арттыру, инфрақұрылымды дамыту, ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамтуды сақтау шаралары.
Халықаралық ұйымдардың жаңартылған болжамдарына сәйкес 2020 жылы әлемдік экономика 4%-ға, ал жаһандық сауда – 32%-ға қысқарады. Жыл басынан бері мұнай 50%-ға арзандады, металл бағасы орта есеппен 16%-ға төмендеді.
«Бұл ретте әлемдік экономиканың, сауданың және инвестиция ағымының одан әрі құлдырау қаупі бар. Жаһандық және аймақтық жеткізу тізбектері бұзылды, сұраныс төмендеуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгінгі таңда Үкімет тарапынан экономиканы қолдау мақсатында нақты іс-шаралар іске асырылып жатыр», — деді ұлттық экономика министрі.
Мәселен, микро-, шағын және орта бизнес салық пен әлеуметтік төлемдерден босатылып, төлемдердің мерзімі ұзартылды. Олар қоғамдық тамақтану, агроөнеркәсіп кешені, сауда орталықтары, қонақ үйлер, туризм, АT-компаниялар және басқа да қызметтер.
Шағын және орта бизнестің жеңілдікпен несиелендіру құралдары едәуір нығайтылды. Несиелендіру көлемі 1 трлн теңгеге арттырылды. Яғни, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қосымша 400 млрд теңге және Ұлттық банк тарапынан жаңадан 600 млрд теңге қарастырылады.
«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасында экономика салаларының қамтылуы едәуір артты. Соңғы сыйақы мөлшерлемесі 6% құрайды.
«Жаңа "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл инфрақұрылымды жаңғыртуға және қайта құруға жағдай жасайды. Сондай-ақ жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнестің борыштық салмағының өсуіне жол бермеу үшін олардың несиелері бойынша негізгі борыш пен сыйақы төлемдерінің мерзімдері 90 күнге ұзартылды. Төтенше жағдай кезінде несиелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді. Отандық тауар өндірушілер үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жеңілдетілді», — деді Р. Дәленов.
Сонымен қатар, экономика салаларын одан әрі қолдау мақсатында салалық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастықтардың барлық ұсыныстары қаралды.
Кешенді жоспар экономика салалары бойынша барлық келісілген шараларды қамтиды. Олар өндеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп және тау-кен метталургиясы кешені, құрылыс, азаматтық авиация, логистика, туризм, шағын және орта бизнес, қызмет көрсету секторы және іргелес салалар. Өзекті мәселелерді жедел шешу мақсатында әр сала бойынша жаңа шаралар әзірленді.
ШОБ және қызмет көрсету секторын қолдау шаралары
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына «микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау» бойынша жаңа бағыт енгізіледі.
Субсидиялау есебінен қаржыландыру мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін және өндірстік мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін несие берілетін болады. Бұл микробизнес өкілдерінің үлкен тобын қамтуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте, микробизнес үшін жаңа формат бойынша оқыту енгізіледі, бұл да қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетеді.
Ұлттық экономика министрі атап өткендей, кепілдің жетіспеушілігін шешу үшін айналым қаражатын толықтыруға шағын және орта бизнес жобаларын несиелендіру бойынша Ұлттық банк бағдарламасы шеңберінде берілетін қарыздарға Даму Қорының кепілдігін пайдаланатын болады.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары несиелері бойынша төлемдердің мерзімін ұзартатын салалардың тізбесі кеңейтілді.
«Арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік және салық есептерін жүргізу жеңілдетілетін болады. Жеке кәсіпкерлердің жалдамалы қызметкерлері мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жүктемені төмендету және міндетті төлемдерді төлеуді оңайлату мәселесі пысықталуда», — деді Р. Дәленов.
Салық органдарына салық есептілігін алдын ала декларациялау міндеті жүктелетін болады, бұл бизнеске әкімшілік ауыртпалықты азайтады. Қазақстандық кәсіпкерлердің АХҚО инфрақұрылымын пайдалануға қолжетімділігі кеңейтіледі.