27.05.2020, 01:05

Қытайлық компания Нұр-Сұлтандағы бір даңғылды 92 миллиард теңгеге жөндейтін болды

Келісімшарт бойынша, мердігер жөнделген жолға 5 жылға дейін кепілдік береді. Ал сарапшылар бұл өте қысқа мерзім екенін айтады. Өйткені, көлік көбейгенімен, жолдар әлі күнге дейін ескі әдіспен жобалануда.

Елордада бір ғана Қабанбай батыр даңғылын қайта құрылымдауға 92 миллиард теңге жұмсалады. Жоба аясында жол кеңейтіліп, тораптар салынбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қабанбай батыр даңғылындағы жөндеу жұмыстары бірінші кезекте «Астана жұлдызы» жол айналымынан әуежайға дейінгі аралықты қамтиды. Жөндеу нәтижесінде көше кеңейтіледі. Қазір мұнда төрт жолақты жол болса, болашақта алты жолақты болмақ.

Тағы бір айта кетерлігі, бір шақырымды жөндеуге 780 миллион теңге бөлінеді. Барлығы 17 шақырымнан астам жол жөнделмек. Жобаның құны – 92 милллиард теңге. Ал құрылыс жұмыстарын қытайлық мердігер компания атқарады. Бұл – тек бір көшеге қатысты ақпарат. Сондықтан осыншама қомақты қаражат не үшін қажет деген сауал еріксіз туындайды.

«Бұл соманы екіге бөліп қарастыру керек. Біріншіден, жол-құрылыс жұмыстары. Екіншісі – коммуникациялар. Мысалы, Қабанбай батыр даңғылының Қорғалжын тас жолымен қиылысында үлкен жолайрық салу жоспарланған. Осындай тораптар Қабанбай батыр-Тұран, Қабанбай батыр-Ұлы дала қиылысында да болады. Бұдан бөлек, «Барыс арена» жақта екі жоласты өткелі салынады. Яғни, 45 миллиард теңге құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалады. 44 миллиард теңге коммуникацияларға кетеді. Қалған 3 миллиард теңге техникалық жұмыстарға бағытталады», - дейді «Қазавтожол» ҰҚ бас инженері Ратмир Ахметов.

Келісімшарт бойынша, мердігер жөнделген жолға 5 жылға дейін кепілдік береді. Ал сарапшылар бұл өте қысқа мерзім екенін айтады. Өйткені, көлік көбейгенімен, жолдар әлі күнге дейін ескі әдіспен жобалануда. Дамыған елдерде жолдың негізіне үлкен мән беріледі. Мысалы, монолитті іргетастан салынған жол 50 жылға дейін қызмет етеді. Осы орайда, отандық сарапшылар жолды жақсартудың өз әдісін ұсынды.

«Асфальтбетон жабынды 4-5 жылға дейін шыдайды. Жабындының сипаттамаларын жақсартудың ең тиімді тәсілі – модификацияланған полимерлердің қоспаларын қосу. Бұл пайдалану мерзімін 7-8 жылға дейін ұзартады. Жалпы алғанда, жолды жақсарту үшін біз өнеркәсіптік техногенді қалдықтар негізінде наномодификацияланған, өздігінен қалпына келетін жол бетонын пайдалануды ұсынамыз. Ол Қазақстан жолдарында сынақтан өткен», - дейді «Дортранс» қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау институтының ғылыми жұмыс жөніндегі директоры Борис Асматулаев.

Қабанбай батыр даңғылы басқа көшелерге қарағанда дөңес келеді. Мамандардың айтуынша, ол өткен ғасырдың 70-жылдары қалааралық жол ретінде салынған. Ал жаңа жоспар оның құрылымын толық өзгертеді. Сөйтіп, даңғылдың биіктігі 1 немесе 1,5 метрге дейін төмендейді.