$ 494.87  520.65  4.91

Әрбір ипотекалық қарыз алушының өтініші жеке тәртіпте қаралмақ

Қарыздың бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін қарыз алушылар кредиторбанкке жүгінуі қажет. Агенттік бағдарламаның талаптарын орындау, оның ішінде қарыз алушыларды барынша қамту бөлігінде банктерге бақылау жүргізеді.
фото: orken-media.kz
фото: orken-media.kz

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен әрбір ипотекалық қарыз алушының өтінішін жеке тәртіпте қарауға дайын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Агенттік хабарлауынша, қоғамдық бірлестіктердің басшылары  Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы (бұдан әрі – бағдарлама) шеңберінде ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қолдау көрсету шараларын іске асыру мәселелерін талқылады. 

Кездесу барысында Агенттік өкілдері Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы Қазақстанда 2015 жылдан бері ҚР Президентінің тапсырмасымен іске асырылып келе жатқанын және ипотекалық қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтауға, борыш жүктемесін төмендетуге және олар үшін валюталық тәуекелді болдырмауға бағытталғанын хабардар етті.

2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер және ипотекалық ұйымдар 256,7 млрд теңге сомаға 37 191 ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруды мақұлдаған. 

Бүгінгі күні бөлінген ақшаны банктер игерді және қайта қаржыландыру бұған дейін қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен жүзеге асырылады. 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 174,7 млрд теңге сомасына 28 117 қарыз мақұлданды, 161 млрд теңге сомасына 27 006 қарыз қайта қаржыландырылды.

2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 82 млрд теңге сомасына 9 074 қарыз мақұлданды, 68,4 млрд теңге сомасына 7 750 валюталық ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылды.

Бұдан басқа, ағымдағы жылдың басынан бастап Агенттік халықтың әлеуметтік осал топтарының (ХӘОТ) санатына жататын қарыз алушылардың ипотекалық қарыздары бойынша қарыз жүктемесін төмендетуге (Бағдарламаның үшінші блогы), сондай-ақ жеңілдікті ипотекалық қарыз беру не кейіннен сатып алу арқылы тұрғын үйді жалға алу арқылы жалғыз баспананы банктің балансынан кепіл берушінің меншігіне қайтаруға бағытталған қосымша шараларды енгізді.

Ипотекалық қарыздар бойынша халықты қаржылық қолдаудың қосымша шараларын ескере отырып, бағдарламаның екінші блогы шеңберінде валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

Қарыздың бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін қарыз алушылар кредиторбанкке жүгінуі қажет. Агенттік бағдарламаның талаптарын орындау, оның ішінде қарыз алушыларды барынша қамту бөлігінде банктерге бақылау жүргізеді. Бұған қосымша бағдарламаның талаптарын іске асырудың айқындылығын қамтамасыз ету және бақылау үшін Қазақстанның барлық өңірлерінде банктің қарызды қайта қаржыландырудан бас тартуының заңдылығы туралы қарыз алушылардың шағымдарын қарайтын арнайы комиссиялар жұмыс істейді.

Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері өз кезегінде комиссиялардың өкілеттіктерін кеңейтуді және екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық қарыздар бойынша өтініштерді қарау мерзімін жеделдетуді ұсынды.

Комиссиялар жұмысының міндеті - шарттардың орындалуын бақылау, қарыз алушыларға бағдарлама шарттарын барынша пайдалану мүмкіндігін беру. Бұл үшін комиссиялардың жеткілікті өкілеттіктері бар және комиссиялардың шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Екінші деңгейдегі банктердің өтінімдерді қарау мерзімдеріне келетін болсақ, карантин кезеңінде және төтенше жағдай кезеңінде бағдарлама бойынша жұмыс қарқыны біршама бәсеңдеді. Қаржы реттеушісінің өкілдері Агенттік екінші деңгейдегі банктермен бағдарлама бойынша қарыз алушылардың әрбір өтінішін жеке тәртіппен пысықтайтынына сенім білдірді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары