Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қызылорда облысы әкімдігі арасында бірлескен жаңа бағдарлама арқылы жүзеге аспақ, деп хабарлайды Skifnews.kz
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдегендей, кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл екі жақты келісімге қол қойды.
― Аймаққа тартылып жатқан инвестиция көлемі жыл өткен сайын артуда. Халықаралық ұйымдармен байланыс күшейді. Келіссөздер нәтижесінде ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Әлеуметтік жобалардың маңызы жоғары. БҰҰ үш жылда өңірге салатын қаржысы ауылдардың тұрмысын тұзеуге жұмсалады. Бұл жұмыстарды бірлесе жүзеге асыратын боламыз, ― деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.
Облыс әкімдігімен бірлескен бағдарламаны БҰҰ-ның алты агенттіктерінің білікті мамандары көмегімен жүзеге асыратын болады.
― Бағдарлама арқасында жасыл экономиканы дамыту, халықтың денсаулығын жақсарту, бизнесті өркендету және барлық тұрғындарға тең құқықты алып беру көзделген. Қызылорданың қай салада болмасын даму көрсеткіші қуантады. Дегенмен, әлі де халықтың жағдайын жақсарту үшін жұмыс жасау керек. Біз қолдан келген көмекті жасауға әзірміз, ― деді БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл.
Бұл бағдарлама Қызылордамен қатар Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда.
БҰҰ өкілдерінің мәлімдеуінше, бағдарламаның нәтижесі үш жылдан соң көрінеді. Ол үшін бағдарламаның жүзеге асыруға отандық сарапшылармен бірге халықаралық мамандар тартылып, семинар, тренингтер ұйымдастырылады.