Мемлекет басшысына Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев және басқарма мүшелері екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасын бағалау бойынша өткен жылғы қаржы-несие саясатына қатысты жүргізілген жұмыстардың қорытындылары, Ұлттық банктің алтын-валюта резервінің ахуалы және Ұлттық қордың активтері жөнінде есеп берді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы бастамалары, 2020 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жоспары және коронавирус пандемиясы кезіндегі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қабылдаған шаралары туралы баяндалды. Қазақстан Президенті өз сөзінде қазіргі жағдайда ақша-несие саясатын тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, 2030 жылға дейінгі ақша-несие саясатын іске асыру стратегиясын әзірлеу барысында халықаралық нарықтағы іргелі үрдістерді ескеру қажеттігін айтты. Жаңа Стратегия еліміздегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қаржы жүйесінің орнықты дамуына тың серпін беруі керек.
Мемлекет басшысы Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне AQR қорытындысы бойынша Жол картасын жүзеге асыруды жалғастыруды, отандық банк секторының сапасына белгіленген мерзім бойынша бағалау жүргізуді тапсырды. Президент айырбас бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуді маңызды мәселе ретінде атап өтті.
«Бұл мәселеде Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап айтқым келеді. Квазимемлекеттік компаниялардағы басы артық валютаны ішкі нарыққа сату тәжірибесін жалғастыра беру керек. Ұлттық банк қажет болған жағдайда айырбас бағамын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Ұлттық банкке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, кепілсіз тұтыну несиесіне қатысты мәселені ұдайы бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берілді.
Мемлекет басшысы қаржы ұйымдарының жұмысын ашық жүргізуді маңызды міндет деп санайды. Бұл мәселе жалған ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдардың алаяқтық іс-әрекеттері үдей түсуіне байланысты өте өзекті болып отыр.
«Ломбардтар мен басқа да қаржы ұйымдарының жұмысына тексеру жүргізіп, аталған саладағы жағдай туралы ақпарат беруді тапсырдым. Бұл жұмысты жылдамдату керек. Тексерулердің қорытындысы негізінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Бас прокуратурамен бірлесіп, аталған саланы реттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу және тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Президент.
Пандемия кезіндегі әлемдік үрдістер мен еліміздегі жағдай қаржы саласына заманауи технологияларды енгізу қажеттігін көрсетті. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке Үкіметпен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, 2025 жылға дейінгі қаржы технологиясы мен инновациясын дамытудың тұжырымдамасын бекітуді тапсырды.
Сонымен қатар экономика мен бизнеске белсенді несиелеу бойынша қолдау көрсету – Ұлттық банктің маңызды міндеті.
«Соңғы үш жылда экономиканы несиелеудің өсімі аса байқалмады. Банктер жұмыс барысында барынша қолайлы және тиімді жағдай ұсына отырып, әрбір клиент үшін белсенді күреспейді. Сонымен қатар қазіргі жағдайда бизнеске қаржы ресурсы қажет және оны жылдам алуы керек. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, экономиканы, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет», – деді Президент.
Жиын соңында Мемлекет басшысы Ұлттық банктің жаңа қонысындағы жұмысына табыс тіледі. Президент Ұлттық банктің көшіп келуі елордадағы қаржы секторын күшейтіп, Үкіметпен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен арадағы жұмысының үйлесімділігін арттыратына сенім білдірді.