04.07.2020, 03:35

Қазақстан шенеуніктері соңғы 2,5 жылда 74,6 млрд теңгені жеп қойған

фото: azattyq-ruhy.kz
«Мысал үшін, бұл қаражатқа 37 мектеп немесе 70 балабақша салуға болады», - дейді департамент басшысы Нұрлан Жақсымбетов.

Биыл 6 айдың ішінде мемлекеттік қазынаға желінген 33,2 миллиард теңге қайтарылған. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

«Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша тіркелген аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге өсті. Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша өсім 10%-ды құрады. Жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу 22%-ға артты», - дейді Нұрлан Жақсымбетов.

Жарты жылда агенттік қазынаға 33,2 миллиард теңгені өтеген. Бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен (15,2 миллиард теңге) екі есеге артық.

Оның айтуынша, соңғы 2,5 жылда бюджетке келтірілген залалдың 91 пайызы (74,6 млрд теңге) қайтарылған.

«Мысал үшін, бұл қаражатқа 37 мектеп немесе 70 балабақша салуға болады. Мемлекетке келтірілген залалды анықтау, оның жолын кесу және өтеу жөніндегі барлық ауқымды жұмысты Антикордың небәрі 660 жедел қызметкері мен тергеушісі жүзеге асырады.

2,5 жыл ішінде олардың әрқайсысы орта есеппен 113 миллион теңгені өтеді. Егер бұл көрсеткішті жедел-тергеу бөлімшелері офицерлерінің ай сайынғы орташа жалақысымен салыстырсақ, бір қызметкерден 9 есе қаржылық қайтарым аламыз», - дейді департамент басшысы.