23.07.2014, 06:40

Қазақстан қырғыздарды 100 пайыз астық өнімдерімен қамтамасыз етеді

Сурет: kostanaj.all.biz

Қазақстан қырғыз елін 100 пайыз астық өнімдерімен қамтамасыз етеді. Бұл туралы бүгін Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эсенгул Омуралиев мәлім етті, деп хабарлайды «Қазақпарат».

Оның атап өтуінше, соңғы 3 жылда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттық 40 пайызға өсім көрсетіп, бүгінде 1 млрд. доллардан асып жығылады. Ал ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 500 млн. долларға жетіп отыр.

―Бізде өндірілетін электр энергиясының 90 пайызға жуығы Қазақстанға экспортталады. Біз экспорттайтын сүт өнімдерінің шамамен 60-70 пайызы да сіздердің нарықтарыңызға жөнелтіледі. Әрине сіздердің де тараптарыңыздан экспорталатын астық және астық өнімдерінің шамамен 100 пайызы Қырғызстанға жеткізіледі. Біз импорттайтын көмірдің 70-80 пайызы да Қазақстаннан келеді. Елдеріңізде өндірілетін химиялық өнімдер де бізге жеткізіледі. Газ сатып алудамыз. Яғни, өзара сауда-саттық дұрыс жолға қойылған, ― деді елші.

Э.Омуралевтің айтуынша, бүгінде Қырғызстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 272, ал Қазақстанда қырғызстандық капиталдың қатысуымен 125 кәсіпорын жұмыс істеуде.