Елордадағы жемқорлық символына айналған LRT құрылысы әлеуметтік желіде тағы да дау тудырды, деп хабарлайды
Аstanatv.kz.
Сарапшылардың пікірінше, елдегі жеңіл рельсті құрылыс нысанының шығыны Қытайдағы ірі, теңіз үстімен өтетін өткелден екі есеге қымбат көрінеді. Сәулеті көздің жауын алар, Ханчжоу шығанағындағы көпірге 1,5 млрд АҚШ долларын жұмсаған. Сонда 37 шақырымдық өткелдің әрі шақырымы Қытайға 40 млн долларға түскен. Ал, астаналық LRT-ның әр километріне біз 80 млн доллардан жұмсаппыз.
Тағы бір айта кетерлігі Ханчжоу көпірі осыдан 10 жыл бұрын салынған. Сол кездегі доллар бағамын ескергеннің өзінде Нұр-Сұлтандағы LRT бетоннан емес алтыннан құйылғандай. Екі елде құрылыс құны неге жер мен көктей? Бұл сұрағымызға экономист Бауыржан Ысқақов телефон арқылы былай жауап берді.
"Қоғамның ішіндегі кең жайылған індет жемқорлықты жоқ дей алмаймыз. LRT құрылысы кезіндегі өзіндік құнының жоғары болуына, заявка жазылған кезде бағаны тым жоғары қойған. Техникалық-экономикалық негізге сүйенбей бағаны тым қымбат қойған. Және несие проценті де жоғары болған", - деді экономист Бауыржан Ысқақов.