31.08.2020, 05:15

«Тамаша. Әдемі»: Ауыл шаруашылығы министрі «Мұғалжар», «Көшім» жылқыларын көрмепті

Ал экономикалық жағынан өте тиімді жылқы тұқымын көбейту үшін 4-5 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама қажет.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Ақтөбеге жұмыс сапарымен барды. Шенеунік екі күн қатарынан егістік алқабы мен мал шаруашылығын аралап, асыл тұқымды жылқыларға таңдай қаққан, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ақтөбеге келген министрді өңір басшысы Оңдасын Оразалин нағыз қазақы жылқы өсіріп отырған «Мұғалжар жылқысы» ЖШС-не ертіп апарған. Ақтөбе популяциясының «Мұғалжар» және «Көшім» асыл тұқымды жылқыларын көрген Сапархан Омаров таңданысын жасырмаған.

«Мен мынадай жылқыны бірінші рет көріп тұрмын. Жал-құйрығы төгіліп тұр. Тамаша. Әдемі. Біркелкі. Нағыз қазақы жылқы. Салмағы 500 келіден асады екен. Сүтті әрі етті жылқы. Жылқы бағу – қазақтың ата кәсібі. Бұл бағытты қолдайтын боламыз», - деді министр.

Мамандар асыл тұқымды жылқыларға Қытай мен Жапония едерінен сұраныс жоғары екенін жеткізді. Ал экономикалық жағынан өте тиімді жылқы тұқымын көбейту үшін 4-5 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама қажет.

«Республика көлемінде 3 миллиондай жылқы бар. Оның 7 пайызы асылдандырылған. Жылда 900 мың жылқыны соғымға жеп қоямыз. Экспортқа Жапония, Қытай елдерінен сұраныс жоғары. 10 миллион жылқысы бар Қытай бізден етке сұраныс береді. Егер оларға жылқы етін беретін болсақ, қазақ жылқысыз қалады. Жылқы санын 3-тен 5 есеге көбейткен жағдайда экспортқа сата аламыз.

Шетелде мұндай жылқы еті дәріханада сатылады. Сол дәрежеге жетуіміз керек. Бұл таусылып қалатын мұнай не газ емес. Бабамыздан қалған ата кәсіп. Жылқы өнімін қалдықсыз жасауға болады. Сүйегі, қаны, терісіне дейін пайдалы. Тек патриоттық сезім керек», - дейді республикалық ет және сүт өнімі бағытындағы жылқы тұқымдары палатасының директоры Еркегүл Тілеген.

Ақтөбеде «Мұғалжар» және «Көшім» асыл тұқымды жылқылары Серікбай Рзабаевтың зерттеу жобаларының негізінде сақталған. Жылына 45-50 бас асыл тұқымды жылқы сатылады.

«Облыс бойынша асыл тұқымды өсіру 17 пайызға жетті. Мұғалжар жылқыларына қызығушылық жоғары. Кез келген ауа райына төзімді. Қысы-жазы қораға кірмейді. Тек Қазақстан бойынша ғана емес, көрші Ресей, Моңғолия, Қытай елдерінен сұраныс бар. Болашақта жылқы кәсібіне қатысты орталық ашу жоспарда бар. Ел бойынша бұл кәсіпті дамытуға дайынбыз. Облыстық бюджеттен қаржландыруды енгіздік», - дейді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Министр Ақтөбе өңірінің ауылшаруашылық әлеуетіне жоғары баға беріп, ұсыныстар мен өтініштерге алдағы уақытта қолдау көрсетілетінін айтты.