Бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Отырыс барысында кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Премьер-Министрдің сайтына сілтеме жасап.
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев және Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Ұлттық банк мынадай шаралар қабылдайды.
Президенттің бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленуде. Жолдауда аталған жүргізілетін саясаттың тиімділігі мен айқындылығын арттыру жөніндегі тапсырмалар Стратегияда ескеріледі.
Стратегияны бекіту елдің 2025 жылға дейінгі жаңартылған Стратегиялық даму жоспары қабылданғаннан кейінгі уақытқа жоспарланып отыр.
Ақша-несие саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру және валюта нарығын тұрақтандыру үшін Үкіметпен бірлесіп валюталық түсімді елге қайтаруға арналған қосымша шаралар пысықталады және экспорттаушылардың оны іске асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
«Ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясында Ұлттық банк жанынан Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құру ескеріледі, оның басты міндеті базалық ставка мен оның дәлізінің мөлшері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау болады. Орта мерзімді перспективада оған тәуелсіз мүшелер кіреді. Заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер 2020 жылдың соңына дейін енгізіледі», — деді Е. Досаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономикалық өсуді қалпына келтіру мақсатында дағдарыс салдарынан айтарлықтай зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді.
Салалар тізбесін Үкімет «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасымен бірлесіп анықтайды. Ұлттық Банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы 800 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады.
Қаржы министрлігі Президент тапсырмаларының тез арада орындалуын қамтамасыз ету үшін келесідей шаралар қабылдауда. Квазимемлекеттік секторда бірыңғай сатып алуды енгізу жөніндегі заңға қатысты Үкіметке «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінде сатып алу туралы» заң жобасы енгізілді. Заң жобасы барлық процедураны 100% электрондық форматқа көшіру арқылы сатып алулардың ашықтығын арттыруға бағытталған. Барлық реттелетін сатып алуды Бірыңғай терезе арқылы өткізу жоспарлануда.
«2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде медицина қызметкерлерін ынталандыру үстемеақыларына, тез салынатын жұқпалы аурулар ауруханаларын салуға, Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (МККК) шеңберінде медициналық қызметтерге және дәрілік заттарды сатып алуға арналған шығыстарды қаржыландыру жоспарлануда. Президент Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыруға арналған шығыстар көлемі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп пысықталады», — деп қорытындылады Е. Жамаубаев.