Қазақстанда 2020 жылдың жеті айында 1,2 миллион теңге болатын 381 жалған банкнот анықталды. Жалған ақшаның саны екі есеге жуық қысқарды, деп хабарлады Sputniknews.kz, Қазақстанның Ұлттық банкіне сілтеме жасап.
Бұл кезеңде жалған монета табылған жоқ.
"Қазақстанда 2020 жылы көбінесе 2 мың (41,47%) және 5 мың теңгелік (31,5%) банкноттар қолдан жасалған", - деді Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаменті банкноттар мен монеталарды сараптау басқармасының бастығы Асхат Әбішев.
Жыл басынан бері қолдан жасалған ақша белгілерінің саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46,9%-ке азайды. Өткен жылы 718 жалған банкнот пен алты монета анықталған.
Жалған банкноттардың көпшілігі Алматы қаласында анықталды – 243 жалған банкнот (63,78%).
Еске сала кетейік, жалған банкноттар және монеталарды жасаған немесе өткізу мақсатында сақтаған тұлғаларға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 231-бабына сәйкес 5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.