Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін осындай мәліметтерді жария етті.
«Үшінші мәселе – зейнетақы қорында артық ақшасын тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге кімдер ала алады деген мәселе.
Біріншіден, емделу мақсатында азамат өзі үшін, жұбайы үшін және жақын туыстары үшін ала алады. Жақын туыстарына ата-әжесі, ата-анасы, бауырлары, балалары, немерелері, ағасы, інісі, әпкесі жатады.
Және біз бір отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіру мүмкіндігін қарастырмақпыз. Қандай тұрғын үй алуға болады? Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін шектеу көп болмайды. Тұрғын үйді немесе жер учаскесін сатып алуға жұмсауға болады. Тұрғын үй алғанда тек жаңа емес, екінші нарықтағы үйді сатып алуға, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе өтеуге болады. Ол үшін кез келген екінші деңгейдегі банк және кез келген бағдарламамен алынған ипотека жарайды. Баспананы кеңейтуге болады. Бұл жерде бір ғана шектеу болады – жарна арқылы алынған үйді бес жыл ішінде қайта сата алмайды», - деп түсіндірді Нұрымбетов.