Бүгін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Экономикалық тергеу қызметі жалған шот-фактураларды шығаруға, салық төлеуден жалтаруға, капиталдың заңсыз әкетілуіне, бюджет қаражатын ұрлауға, мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтауға баса назар аударатынын айтты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Премьер-Министр сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі таңда прокуратура және ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесіп, шот-фактуралардың жалған көшірмелеріне қарсы тұруға және салық төлеуден жалтаруға бағытталған «STOP-ОБНАЛ» ЖПІ іске асырылуда. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында бюджет қаражатын ұрлауды анықтауға бағытталған «Қазына» жедел алдын алу іс-шаралары жүргізілуде.
Мұнай мен мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымына, сондай-ақ капиталды шетелге заңсыз шығаруға қарсы іс-қимыл бойынша осындай жедел іс-шараларды іске қосу жоспарда бар. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес саласында біз оң нәтижелерге қол жеткізгенімізді атап өткен жөн.
«Соңғы бес жылда алғаш рет заңсыз ақша айналымы деңгейінің 40%-ға төмендегені байқалады. Тек соңғы жылдың өзінде 39 ұйымдасқан қылмыстық топ залалсыздандырылды, алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру бойынша 50-ден астам жасырын цехтың қызметі тоқтатылды. 746 заңсыз ойын мекемесі мен жалған ақша шығаратын 5 цех жойылды», — деді Е. Жамаубаев.
Айта кету керек, Министрлік көлеңкелі экономикамен күрес бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыста, Мемлекет басшысының Жолдауында атап өтілгендей, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру шаралары маңызды рөл атқарады.
Астана-1, электрондық шот-фактуралар, бақылау-кассалық машиналар және тәуекелдерді басқару жүйесі секілді жүйелердің интеграциялануының арқасында бүгінде тауардың импорттан (өндірістен) бастап оны түпкілікті тұтынушыға сатқанға дейінгі қозғалысын қадағалау қамтамасыз етілуде, сатудың әрбір кезеңінде тауарлардың үстеме бағасы айқындалады, соның арқасында салықтардың дұрыс төленуін бақылау жүзеге асырылады.
Көлеңкелі үлесі жоғары және халықтың денсаулығына қауіп төндіретін кейбір тауарлар әр бірлігін физикалық бақылауды қажет етеді. Ол үшін тауарлардың кейбір санаттарын таңбалау бойынша жұмыстар жүргізілуде, мысалы, үлбір, пилоттық режимде темекі өнімдері, алкоголь өнімдері, дәрі-дәрмектер және т. б.
Цифрлық құралдарға толығымен көшетін кәсіпорындар үшін (БКМ, төлем құралы, МКК АЖ-мен біріктірілген есеп жүйесі) ҚҚС бойынша шекті бес есеге артады. Бұл сонымен қатар бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын нақты айналымды көрсетуге мүмкіндік береді.
Қабылданған шаралардың арқасында 2020 жылдың 8 айының өзінде бюджетке қосымша 200 млрд-тан астам теңге түсті. Е. Жамаубаев сондай-ақ, шағын және орта бизнес үшін жалдау ақысын есептеуді тоқтату үшін жалға алушылар gosreestr.kz веб-порталы арқылы ЭЦҚ-мен жыл соңына дейін жалдау төлемдерін есептеуді тоқтата тұру туралы қосымша келісімдер жасасуға өтінім беруі тиіс екенін хабарлады.
«Өтінімдерді өңдеу Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменттері мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлеріне келіп түсуіне қарай бір сағат ішінде жұмыс уақытында жүзеге асырылады», — деп атап өтті қаржы министрі.