08.09.2020, 06:44

Ұлттық банк макроэкономикалық болжамдарын өзгертті

Фото: Sputniknews.kz
Covid-19 пандемиясымен күрес аясында әлемнің көптеген елдерінде локдаун режимі сақталуда.

Ұлттық банк макроэкономикалық болжамдарын өзгертті. Бұған дейін ішкі жалпы өнім 1,8 процентке төмендейді деген болжам болған. 

"Ұлттық Банк 2020 жылғы екінші тоқсандағы экономикалық белсенділіктің барынша түбегейлі құлдырауына, сондай-ақ 2020 жылғы шілдеде локдаунның енгізілуіне байланысты 2020 жылы экономиканың өсу қарқыны бойынша өз болжамын нашарлатты. Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдарына сәйкес, 2020 жылы Қазақстанның ІЖӨ 2,0%-2,3%-ке қысқарады", - делінген банктің ресми хабарламасында. 

Оған қоса, сыртқы ахуал белгісіз болып отыр. Covid-19 пандемиясымен күрес аясында әлемнің көптеген елдерінде локдаун режимі сақталуда. Соның салдарынан дамыған және дамушы мемлекеттерде экономикалық белсенділік айтарлықтай қысқарды. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауы бойынша 2020 жылғы екінші тоқсанда жаһандық сауда жылдық мәнде 18,5 процентке құлдырады. 

"Әлемдік экономиканың даму перспективалары әлі де жоғары белгісіздікке негізделген. Себебі кейбір елдерде COVID-19-дың екінші толқыны басталды. Сонымен бірге, АҚШ-та алдағы уақыттағы президенттік сайлауға байланысты инвесторлар күтетін турбуленттілік аясында әлемдік қаржы нарығында құбылмалылық өсуі мүмкін", - дейді банкирлер. 

Халықаралық ұйымдар болса, жаһандық экономиканың барынша құлдырауы 2020 жылы екінші тоқсанда болғанын айтып отыр. 2021 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны оң болады деген болжам бар. Келесі жылы экономикалық өсу қарқыны 3,5-3,8 процентке дейін қайта қалпына келуі мүмкін. Оған сыртқы сұраныстың біртіндеп қалпына келуі, кейінге қалдырылған инвестициялық жобаларды іске асыру, оң фискалдық қарқын, еңбек нарығындағы жағдайдың жақсаруы және тұтынушылық сұраныстың жандануы ықпал етеді.

Тегтер: Ұлттық Банк