Алаяқтар өз әрекеттерін қалай жүзеге асыратыны және олардан сақ болу керектігі туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің салада қазір алаяқтар пайда болды. Олар қалай жұмыс істейді? Бізде жол салу немесе жөндеуде негізгі мердігер компаниядан бөлек, қосымша мердігер компания болады. Алаяқтар сол қосымша мердігер компаниялар арқылы өздерінің заңсыз қызметін ұсынады. Осы орайда, жол жөндеу жұмыстары бойынша қажет қызмет пен маманды өзіміздің ресми сайт немесе әлеуметтік желідегі парақшамыз арқылы жүргізетін болдық. Одан бөлек, жуырда Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне арнайы хат жолдап, осы проблемамен бірлесіп күресуді ұсындым», - деді Ұлан Әліпов.
Сондай-ақ, ол жол саласында маман тапшылығы барын алға тартты.
«Бүгінде жол саласында жұмыс істейтін 4 мыңдай маман жетіспейді. Атап айтқанда, экскаватор, бульдозер, каток көлігінің операторларымен қоса, грейдер және тасжол төсеу мамандары тапшы. Бүгінде осы мәселені шешу үшін шетелдік мамандардың көмегімен өз мамандарымызды әзірлеп жатырмыз. Одан бөлек, облыс әкімдіктерімен келісімге келіп, жұмыспен қамту орталықтары арқылы бізде тапшы мамандарды әзірлеу және оны қажет мамандықтар қатарына қосу жұмыстарымен айналысып жатырмыз», - деді Ұлан Әліпов.