$ 494.87  520.65  4.91

Биыл Қазақстанда құны 1 трлн теңге болатын 206 жоба іске қосылады

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, биылғы жылға белгіленген барлық жобаларды іске асырып қана қоймай, Индустрияландыру картасы жобаларының пулын қосымша пысықтап, кеңейтуді тапсырды.
фото: inform.kz
фото: inform.kz

Бүгін Үкімет отырысында Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасы жобаларын іске асыру барысы қаралды.

Пандемияның күрделі жағдайлары мен экономикадағы әлемдік құлдырауға қарамастан, 2020 жылдың 8 айында өңдеу өнеркәсібінде оң динамика қалыптасты, өсім 3,3%-ды құрады. Биыл Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 996 млрд теңгеге 206 жобаны іске қосу көзделген. Бұл өндіріс көлемін 1,3 трлн теңгеге, экспортты 325 млрд теңгеге арттыруға, шамамен 19 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

 Салалар бөлінісінде жобалардың негізгі бөлігі машина жасау (170 млрд теңгеге 19 жоба), ТКМК (190 млрд теңгеге 18 жоба), АӨК (195 млрд теңгеге 76 жоба), энергетикаға (126 млрд теңгеге 10 жоба) тиесілі. Индустрияландырудың көрнекі мысалдары — Алматыда «Hyundai» және Қостанайда «Chevrolet» жеңіл автомобильдерін құрастыруды іске қосу, Қарағанды облысында техникалық газдар өндірісі мен алтын шығару фабрикасын ашу және т. б. 

Құрылатын Өнеркәсіпті дамыту қоры 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді несие беру арқылы кәсіпорындарды кеңейтуге және жаңғыртуға ықпал етеді. 

Биыл капиталды аса қажет ететін жобалар Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында іске асырылуда. 

«Қалған өңірлер жобаларды іске асыруды жандандырсын. Әкімдер Индустрияландыру картасындағы жобалар бойынша жеке жауапты болады», — деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, биылғы жылға белгіленген барлық жобаларды іске асырып қана қоймай, Индустрияландыру картасы жобаларының пулын қосымша пысықтап, кеңейтуді тапсырды. Сонымен қатар барынша тұрақты ішкі және сыртқы сұранысы бар салаларды, оның ішінде жеңіл, азық-түлік және химия өнеркәсібін, машина жасау мен фармацевтиканы, кең ауқымды пайдаланылатын құрылыс материалдарын өндіруді қолдауға, сондай-ақ мұнай-химия және газ өңдеу салаларындағы технологиялық күрделі жобаларды қолдауға бар күш-жігерді жұмсау қажет. 

Премьер-Министр моноқалаларда индустриялық жобаларды дамыту қажет екенін атап өтті. Табысты мысал ретінде Қарағанды облысының Саран қаласын келтірді, онда «Youtong» автобустар мен арнайы техника өндірісі бойынша ірі жобаны іске асыру қолға алынды. 1 500 жұмыс орны құрылады, автобустар мен арнайы техника өндірісінің қуаттылығы жылына 1 500 бірлікті құрайды. Сонымен қатар қуаттылығы жылына 3,5 млн дейін болатын автошиналар өндіру жобасы пысықталып жатыр, олардың 30%-ын экспорттау жоспарланған. Бұл тағы 1,5 мың жұмыс орны. Жалпы алғанда, Саран қаласында инвестициялар көлемі 150 млрд теңгені, жыл сайынғы өнім шығару 160 млрд теңгені құрайды. Бұған қоса әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру және салу жұмыстары басталды.

 «Мұндай деңгейдегі өндірісті барлық моноқалаларда дамыту қажет. Сондықтан әкімдер инвесторлармен белсенді жұмыс істеп, олар үшін қажетті жағдайларды жасап, халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуі керек», — деді А. Мамин.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары