Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен Қазақстан үшін бұл меже алыстай түсті. Швейцариядағы Халықаралық даму менеджменті институтының (Institute of Management Development (IMD) мамандары түзетін осынау рейтингте біздің ел бірден 13 сатыға төмен құлдырады.
Бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын рейтингтің жаңартылған нұсқасында (The World Competiveness Scoreboard-2016) Қазақстан 47-ші орында тұр. Былтыр біздің ел бұл тізімде 34-ші орыннан көрінген болатын.
Рейтингтің бірінші сатысына Гонконг орналасқан, екінші орынға Швейцария жайғасыпты. Ал, көшті үш жыл қатарынан бастап келген АҚШ болса үшінші орынға төмендеген. Ең үздік 10 мемлекеттің қатарында Сингапур, Швеция, Дания, Ирландия, Нидерланды, Норвегия және Канада бар. Көрші Ресей болса 45-ші орыннан 44-ші орынға жоғарылаған. Тізімнің ең соңғы орны Венесуэлаға бұйырыпты.
Айта кетейік, бәсекеге қабілетті елдердің рейтингіне 61 мемлекет енген. Олардың бәсекеге қаншалықты қабілетті екені 5,4 мың кәсіпкердің сауалнамасының нәтижесінде анықталады.