13.10.2020, 10:40

Ұлттық банк төрағасы теңгеге қандай сыртқы факторлар қысым жасағанын айтты

фото: forbes.kz
Оның атап өтуінше, дамушы елдер валюталарының жалпы динамикасы аясында қазақстандық теңге бір айда АҚШ доллары үшін 420,11 теңгеден 431,81 теңгеге дейін 2,8 пайызға әлсіреді.

Қазанда мұнай бағасының бірқалыпты өсуінің арқасында теңге 1 пайызға нығайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Осы жылғы қыркүйекте теңгенің айырбастау бағамы мынадай сыртқы факторлардың айтарлықтай қысымында болды. Биыл қыркүйекте әлемнің жекелеген өңірлерінде коронавирустың қайта өршуі аясында жаһандық экономиканы қалпына келтірудің баяулау тәуекелдерінің өсуіне және соның салдарынан мұнайға сұраныстың әлсіреуіне байланысты мұнай шамамен 10 пайызға арзандады. Мұнай бағасы осы жылғы тамыздан бастап ОПЕК+ мұнай өндіруді шектеу, Сауд Арабиясының мұнай бағасын төмендетуі және Ливиядағы мұнай өндіруді қалпына келтіру қысымында болды», - деді ол.

 ҰБ төрағасының айтуынша, әлемдік экономиканың шектеулі қалпына келуі мұнайдың ағымдағы өндіру көлемін сақтай отырып, мұнай қорларының қайта өсуіне алып келуі мүмкін. 

«2020 жылғы қыркүйекте дамушы елдердің валюталары коронавируспен ауырғандар санының өсуі аясында әлсіреді. Бұл инвесторлардың тәуекелі бар активтерге деген қызығушылығының төмендеуіне және АҚШ доллары бағамының нығаюына әкелді. Түрік лирасы бір айда 5,2, Ресей рублі – 4,9, Аргентина песосы – 2,7 пайызға әлсіреді. Жалпы алғанда, қыркүйекте дамушы елдер валюталарының индексі 0,4 пайыз ғана қосты», - деді Ерболат Досаев.

 Оның атап өтуінше, дамушы елдер валюталарының жалпы динамикасы аясында қазақстандық теңге бір айда АҚШ доллары үшін 420,11 теңгеден 431,81 теңгеге дейін 2,8 пайызға әлсіреді.

 «Республикалық бюджеттегі кепілдік берілген трансфертті бөлу аясында Ұлттық қор активтерін конвертациялау және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін міндетті түрде сатуы жөніндегі ұзартылған шаралар теңгенің айтарлықтай әлсіреуін шектеді. Осы жылғы қазанның басынан теңгенің АҚШ долларына шаққандағы айырбастау бағамы біртіндеп нығаюда. Биыл 12 қазанда мұнай бағасының бірқалыпты өсуі аясында бір АҚШ доллары үшін 427,83 теңгеге дейін 1 пайызға нығайды», - деді ҰБ төрағасы.