29.10.2020, 13:00

Еліміздің нақты ЖІӨ 2,1%-ға дейін төмендейді

Фото: ашық дереккөз
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өз сөзінде үкімет кез келген сценарийге дайын екендігін айтып, экономикалық өсімге қай бағыттың ықпал ететіндігін мәлімдеді.

Коронавирус инфекциясының салдарынан еліміздің нақты ЖІӨ 2,1 пайызға дейін төмендейді деп болжанып отыр. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш 3 пайызды құрамақ. Бұл туралы Сенаттың кезекті отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежанов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Халық қалаулысы елдің экономикалық-әлеуметтік мәселесіне қатысты сауалын Ұлттық экономика министріне жолдады.

«Еліміздің нақты ЖІӨ 2,1 пайызға дейін төмендейді деп болжанып отыр. ХВҚ мен Халықаралық банктің мәліметі бойынша, биылғы экономиканың төмендеуі 2,7-3 пайызды құрауы мүмкін. Сарапшылардыі айтуынша, жаһандық экономиканы қайта келтіруге кемінде 5 жыл уақыт кетеді. Бірақ ҰЭМ бұған қарамастан келесі жылдан бастап, елімізде нақты ЖІӨ өсімі 4 пайыздан жоғары болады деп жоспарлап отыр. Коронавирустың экономикаға келтірген залалы еліміздің ЖІӨ-нің оң қарқынына әсер етпей ме? Егер әсер ететін болса, онда Ұлттық экономиканы жандандыру бойынша үкімет басқа да шараларды қабылдауды жоспарлап отыр ма?», - деді депутат Сұлтанбек Мәкежанов

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өз сөзінде үкімет кез келген сценарийге дайын екендігін айтып, экономикалық өсімге қай бағыттың ықпал ететіндігін мәлімдеді.

«Қазір біз нақты шаралар кешенін қабылдаймыз. Олар салықтық ынталантырулар, жеңілдетілген несие беру, несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және бизнесті қайта реттеу шаралары. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Ол жаңа экономиканың контурларын анықтайды. Мұның бәрі экономиканың 4 пайызға өсуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ үкімет Ұлттық банкпен және қаржылық реттеу агенттігімен бірлесіп, әлеуметтік экономикалық жағдай нашарлаған жағдайда арнайы жоспарды қабылдады. Жалпы экономикалық өсім инвестициялық жобалар және бизнесті дамыту есебінен қамтамасыз етілетін болады» - деді Ұлттық экономика министрі.