04.12.2020, 10:00

Әлемдегі қаржы ұйымдары тығырыққа тірелді

фото: pixabay.com
Халықаралық есеп банкінің мәліметі бойынша әлемдегі қолма-қол ақшамен төлем жасау көлемі 12 процентке азайған.

Коронавирус әлемдегі қаржы ұйымдарын тығырыққа тіреді. Дүние жүзіндегі банктер 86 мың адамды жұмыстан қысқартқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Блумберг» агенттігінің жазуынша, бұл соңғы 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. 

Қысқарту шаралары әлі жалғаса бермек.  Халықаралық қаржы институтының бағалауы бойынша биылғы жылдың аяғына дейін әлемдік берешек  көлемі рекордты 277 триллион долларға жетпек. Соңғы айларда ғана бірқатар мемлекет дефолт жариялап үлгірді. Бюджетінде ақша таусылған елдер қатарында Артентина, Эквадор, Замбия және Ливан бар.    «Covid-19» індетінің кесірі экономикасы мен қаржылық саласы терең дағдарысқа ұшыраған Ливан сияқты елдерге ауыр соққы болып тиюде. Бұл өз кезегінде кедейшіліктің көбейіп, денсаулық және білім беру салаларының кері кетуіне әкелуде. Азық-түлікпен, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету мұңға айналды», – деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Еуроны ортақ валюта ретінде қолданатын елдердің қаржы министрлері шұғыл бас қосып, Еуропалық тұрақтандыру тетігін реформалауды жеделдетуге уағдаласты. Бұл туралы Германияның Қаржы министрі Олаф Шольц мәлімдеген. Қазір Германия Еуроодақ кеңесінде төрағалық қызметін атқаруда. Негізі аталған реформа 2024 жылы басталуы тиіс болатын. Бірақ індет кезіндегі қауіп-қатерді ескерген еуропалықтар банк жұмысын жеңілдету ісін қазірден қолға алған. Еуроаумаққа кіретін елдердің бюджетіндегі тапшылық коронавирусқа байланысты күрт көбейген. Қазір бюджет тапшылығы 11,6 процентті құрап отыр.

«Вакцинаға қатысты жағдай айқындалғанымен дағдарыстың екінші жағын көріп тұрмыз. Біз дағдарыстан әлі құтылған жоқпыз. Керісінше бел ортасында тұрмыз. Етек-жеңімізді жинап, экономиканы қолдауды жалғастыруымыз керек. Осы тұрғыда қаржы ұйымдарының көтеретін жүгі ауыр», – деді Еуропалық орталық банк президенті Кристин Лагард.

Коронавирус келгелі қолма-қол ақшадан бас тарту әлемдік трендке айналды. Бұл қатарда Австралия, Сингапур, Канада, Бельгия, Швеция мен Нидерланд бар. Халықаралық есеп банкінің мәліметі бойынша әлемдегі қолма-қол ақшамен төлем жасау көлемі 12 процентке азайған. Ал індет кезінде қағаз ақшаны қолдану 48 процентке азайған.