Сенат коронавирусқа қарсы күрес және Қазақстан экономикасын қалпына келтіру үшін Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 1,5 миллиард еуро қарыз алу туралы заңды қабылдады.
Бұған дейін «Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды Мәжіліс депутаттары мақұлдаған еді.
Аталған құжаттар ел Президентіне қол қоюға жіберіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Азия даму банкі Қазақстанға 908 млн 596 мың еуро көлемінде қарыз бермек. Аталған сома 2021 жылғы бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Қаржы министрінің айтуынша, қаражат COVID-19 пандемиясы салдарымен күресуге және экономиканы қайта тұрақтандыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, қарызды кезең-кезеңімен бөліп төлеу қарастырылған.