ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру және жергілікті қамтуды дамыту мәселелері қаралды.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы отандық өндірісті дамытудың инвестициялық құралы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды», — деді А. Мамин.
Коронавирус пандемиясына байланысты шектеу шараларын енгізуге қарамастан, «Қарапайым заттар экономикасы» аясындағы жобалар саны биылғы 10 қаңтардан 10 желтоқсанға дейін 2,5 еседен астам — 900-ден 2600-ге дейін ұлғайды, ал олардың сомасы 3,5 есе — 216 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін өсті. Аталған жобаларды іске асырудан жұмыс орындары санының болжамды өсуі шамамен 20 мыңды құрайды.
Бағдарлама аясында несиелендіруге арналған тауарлар мен қызметтер тізімі анықталды, қарыз алушы үшін соңғы мөлшерлеме 8%-дан 6%-ға дейін төмендетілді, 2 жылға дейінгі пайыздық мөлшерлеме және негізгі қарыз бойынша жеңілдікті кезең енгізілді. Өткен жылмен салыстырғанда реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 2 есеге өсті, бұл 1,5 мыңнан астам отандық кәсіпорынды қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Жергілікті қамтудың жоғары өсу қарқыны жеңіл өнеркәсіп өнімдерін 38%-дан 68%-ға дейін, жиһаз өнеркәсібі өнімдерін 39%-дан 71%-ға дейін, азық-түлік өнеркәсібі өнімдерін 41%-дан 74%-ға дейін, құрылыс материалдарын 34%-дан 71%-ға дейін сатып алуда байқалады. Өңірлер бөлінісінде Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр (үлесінің орташа көрсеткіші 67%-дан 76%-ға дейін). Төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында байқалады, оларда кейбір салалар бойынша жергілікті қамту үлесі 24%-дан 43%-ға дейін өзгеріп отырады.
Үкімет басшысы бір ай мерзімде жаңа ынталандыруды, соның ішінде мемлекет тарапынан кепілдік мөлшерін ұлғайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасына түзетулердің жетінші топтамасын әзірлеуді тапсырды.
Премьер-Министр бағдарламаның барлық мақұлданған жобаларын уақытылы іске қосуды қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Жақсы мысал ретінде Алматы қаласы, Жамбыл және Қостанай облыстары келтірілді. Сонымен қатар Қызылорда және Атырау облыстарында мақұлданған көптеген жобалар әлі күнге дейін субсидияланбаған, онда жобалардың сомасы мен саны бойынша ең аз өсім байқалады.
Өңірлердің әкімдіктеріне экономика салаларындағы жергілікті қамту үлесінің нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу ғана емес, сондай-ақ олардың белсенді өсуін қамтамасыз ету тапсырылды. Ол үшін жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың алаңын тиімді іске қосып, өңірлік бизнес пен негізгі тапсырыс берушілерді тарту керек.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика министрліктеріне жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті қамту бойынша ерікті міндеттемелер қабылдауын көздейтін заңнамалық түзетулерді әзірлеу тапсырылды (жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары жыл сайын 7 трлн теңгеге жетеді).