1 қаңтардан бастап елімізде педагогтердің жалақысы тағы 25 пайызға өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Былтыр Президент тапсырмасымен педагогтердің жалақысы 25 пайызға ұлғайтылған болатын. Биыл да олардың айлығы тағы 25 пайызға көбейіп отыр. Тек қана мектеп мұғалімдерінің ғана емес балабақша педагогтерінің, қосымша білім беру, колледждер мен жоғары оқу орындарының мамандарының да еңбекақылары көбейіп жатыр.
Сонымен қатар мұғалімдер біліктілік санатына қарай еңбекақының 30-дан 50 пайызға дейінгі көлемін қосымша ала алады. Өз ісінің шебері болса, ай сайын еңбекақыға қосымша 50 пайыз төлем алып отыруға да болады. Пәнді ағылшын тілінде жүргізгені үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі үшін де қосымша ақы төленеді. Мұнан бөлек, өткен жылдан бастап магистрлік дәрежесі бар мұғалімдерге 27 мың теңге көлемінде қосымша төлем беріле бастады.
Айта кету керек, колледжде, ЖОО-да және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алып жатқан студенттердің стипендиялары 25%-ға ұлғайды. Ал педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің шәкіртақысы 26 мыңнан 42 000 теңгеге дейін, докторанттардың шәкіртақысы 82 мыңнан 150 000 теңгеге дейін өсті.